Олжас Бектенов солтүстік өңірлерде астық кептіру жұмыстарын басты назарда ұстауды тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді тапсырды.

- Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайту жұмыстарының маңызын атап өтті. Осы стратегиялық міндетті іске асыруға ықпал ететін басты шарттардың бірі – ол егін орағын сапалы өткізу. Үкімет тарапынан егіс жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Ауқымды қаражат бөлінді. Шаруаларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Енді алқап басындағы жұмыстарды уақтылы аяқтау керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мемлекет басшысы өткен аптада егіншілермен болған кеңесте осыны ерекше атап көрсетті, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі таңда еліміз аумағында егін жинау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Оңтүстік өңірлерде аяқталуға жақын. Алдын ала нәтижелерге оң баға беріліп отыр.
- Ал жанармай мәселесіне келсек, оның барлық қажетті көлемін қолданыстағы кестеге сәйкес жеткізу керек. Күннің жауын-шашынды болуы және күрт суытып кетуі жұмыстың мерзімі мен астық сапасына кесірін тигізуі мүмкін. Е-Өтініш бойынша осы мәселеге қатысты қазірдің өзінде 500-ге жуық өтініш келіп түскен. Өтініштердің ең көбі – 300-ден астамы Қостанай облысының фермерлерінен келіп отыр. Олар астық кептіру жабдықтарын іске қосу және астықты сатып алу бағасына қатысты шағым айтуда. Сондай-ақ кептіру жабдықтарын газ жүйесіне қоса алмай жүр. Қостанай облысының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешуге жәрдемдесуі қажет. Әкімдіктерге Энергетика министрлігімен бірлесіп, алдын ала мәлімделген сұранысқа сәйкес астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді тапсырамын. Жалпы солтүстік өңірлерде астық кептіру жұмыстарын басты назарда ұстаңыздар, - деді ол.
Үкімет басшысы ауа райының бұзылуы егін жинау қарқынына, астықтың сапасы мен көлеміне әсер етпеуге тиістігін баса айтты.
- Экология министрлігі егіншілерге күнделікті ауа райы болжамы туралы ақпарат беріп тұрсын, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Үкіметте егін жинайтын аймақтардағы ауа райы болжамын баяндады.