Олжас Бектенов тауарлардың электрондық каталогін жаппай енгізуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігі Тауарлардың электрондық каталогін жаппай енгізуді қамтамасыз етуі керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

цифрлық теңге
Коллаж: Kazinform

«Тауарларды қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында жалпы сыныптама бекітілді. Ол шикізат пен өнімді сәйкестендірудің халықаралық стандарттарын қолдануға, сондай-ақ біздегі барлық каталогтерді біріктіруге бағытталған. Сондықтан Қаржы министрлігі Тауарлардың электрондық каталогін жаппай енгізуді қамтамасыз етуі керек», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының атап өтуінше, жоғары оқу орындарының жанында ғылыми зерттеулер мен зертханалық сынақтардың кең спектрін жүргізе алатын ғылыми-зерттеу зертханалары жұмыс істейді. Олардың әлеуетін пайдалану қажет. Сондықтан Олжас Бектенов Ғылым министрлігі олардың бизнеспен қарым-қатынас жасау тәсілдерін дайындауы керектігін баса айтты.

«Биыл Техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл алаң барынша ашық болып, мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық пен халық үшін бірыңғай қол жеткізу нүктесіне айналуға тиіс. Сауда министрлігі осы ақпараттық жүйенің функционалын кеңейткені жөн», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар