Олжас Бектенов темір жол жобаларын уақытылы пайдалануға беруді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — «Шығыс — Батыс» бағыты бойынша темір жолмен транзиттік тасымал көлемін арттыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. 

Олжас Бектенов темір жол жобаларын уақытылы пайдалануға беруді тапсырды
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бойынша нақты міндеттер қойды. Теміржол тасымалы нарығы жыл өткен сайын бәсекеге қабілетті болып келеді. Осы ретте, транзиттік хаб ретінде позициямызды нығайту үшін біз инфрақұрылымның мүмкіндіктерін белсенді түрде арттыруымыз қажет. «Осал тұстарды», атап айтқанда шекара маңындағы аудандардағы талапқа сай келмейтін жерлерді ретке келтіру қажет. Транзиттік тасымалдау көлемін, әсіресе «Шығыс — Батыс» бағыты бойынша арттыра түсу керек, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, биыл «Достық — Мойынты» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жобаларды іске асыру аяқталады. «Дарбаза — Мақтаарал», «Бақты — Аягөз» теміржол желілері салынуда. Бұл жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау қажет. Оның барлығы күрделі учаскелер мен ірі түйіспелі тораптар желісінің жүктемесін азайтып қана қоймай, жүктердің транзитін де едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Мойынты — Қызылжар», «Алтынкөл — Жетіген», «Бейнеу — Маңғыстау» учаскелерінің құрылысы мен оларды жаңғырту жұмыстары басталды. Аталған жобалар еліміздің өткізу қабілетін арттыруға бағытталып отыр. Оларға бақылауды күшейтіп, уақтылы пайдалануға беру қажет. Автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу, цифрлық диспетчерлеу, ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен саланы цифрландыруға да баса көңіл бөлінуде, — деді Олжас Бектенов.

Биыл «Stadler Қазақстан» зауытының 51 вагоны пайдалануға берілетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар