Олжас Бектенов Tubacex Group компаниясының вице-президентімен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыру аясында Үкімет басым салалардағы ынтымақтастық бойынша инвесторлармен тығыз өзара іс-қимыл жүргізіп жатыр. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов испандық Tubacex Group компаниясының вице-президенті Антон Азлормен кездесу өткізді.

Басқосу барысында өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық келешегі, атап айтқанда жоғары технологиялы жаңа өндірістерді енгізу мәселелері талқыланды. Жіксіз құбырларды қоса алғанда, мұнай-газ саласында сұранысқа ие өнімдер шығаруға назар аударылды.
Шетелдік инвестор Атырау облысында тот баспайтын болаттан және никель қорытпаларынан жасалған жіксіз құбырлар шығаратын Орталық Азиядағы алғашқы зауытты салу жобасын ұсынды. Жобалық қуаты – 12 мың тонна дайын өнім.
Сонымен қатар заманауи мұнай-газ машинасын жасау зауытын ашудың келешегі талқыланды. ҚР Үкіметі қосылған құны жоғары өнім шығару бойынша өндірістер ашуға баса назар аудара отырып, өнеркәсіп секторына инвесторлар тартуға мүдделі.
Кездесу соңында тараптар әрі қарай ашық және сындарлы диалогке дайын екендерін жеткізді. Тиісті мемлекеттік органдарға жобаны одан әрі жүзеге асыру үшін пысықтауға жәрдем көрсету тапсырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет неміс инвесторларымен бірге Жетісуда халықаралық әуежай салатынын жазған едік.