Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Екібастұзға барды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Үкімет басшысына Екібастұздың энергетикалық әлеуеті паш етіліп, көмір өндіруді ұлғайту бойынша қолға алынған жобалар баяндалады.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов «Богатырь Көмір» ЖШС-де көмір өндіруді ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Кәсіпорында 2025 жылы 45,2 млн тонна көмір өндіріліп, оның 35 млн тоннасы қазақстандық тұтынушыларға және тағы 10 млн тоннасы Ресей Федерациясына жөнелтілген.
Атап өтерлігі, «Богатырь» кеніші 1985 жылы 56,8 млн тонна көмір өндіріп, Гиннестің рекордтар кітабына енген.
- 2032 жылға қарай біз «Самұрық-Энергоға» қарасты әріптестерімізді, яғни жаңа энергиялық блоктарды, Екібастұз ГРЭС-3 жаңа стансасын, өзге де тұтынушыларды қамтамасыз ету есебінен 56,5 млн тоннаға шығуды болжаймыз, нәтижесінде Гиннес рекордына жақындай түсеміз деп жоспарлап отырмыз. Тұтастай алғанда, осындай көрсеткішттер болжанып отыр, - деді «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак.

Болжам бойынша алдағы бірнеше жылда кәсіпорынға шамамен 360 млрд теңге инвестиция құйылады. Ағындық технологияның тиімділігін арттыру үшін MES ЦАТ жүйесін, жүк ағындарын оңтайландырушыны және өндірісті жоспарлау мен модельдеу жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Сапар аясында Премьер-министр Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2-ге де барады.