AI-ді дамытудың бірнеше жолы бар - Қатарда жұмыс істейтін Олжас Ерғалиев
АСТАНА. KAZINFORM – Қатарда ІТ саласында еңбек етіп жүрген Олжас Ерғалиев Қазақстанда жасанды интеллектіні бірнеше жолмен дамытуға болады деп есептейді.

Ол Қатар компаниясының Алматыдағы кеңсесінде жұмыс істеп жүріп, бұл елге іссапармен жиі баратын. 2022 жылы Қатарда өткен футболдан әлем чемпионатымен тұспа-тұс келген сапары барысында компания басшылығы Олжасқа қоныс аударуға ұсыныс жасайды. Осылайша, 2 жыл бұрын ол Қатарға қоныс аударса, осыдан 6 ай бұрын отбасын да көшірді. Олжас продакт менеджер болып жұмыс істейтін Snoonu компаниясы Қатардағы стартаптар арасында көшбасшы саналады. Компания әртүрлі жобаны, оның ішінде тамақ технологиясы мен қаржылық қызметтерді жүзеге асырады әрі қолданбаларын жасанды интеллект бағытында да тиімді кәдеге жаратады.
«Қатарда IT секторы мемлекеттік қолдаудың және ірі халықаралық компаниялар инвестициясының арқасында қарқынды дамып келеді. Мұнда озық технологияларды пайдалана отырып, инновациялық жобалармен жұмыс істеуге болады. Сонымен қатар бос жұмыс орындарына бәсекелестік өте жоғары. Өйткені, елге әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген жоғары білікті мамандар келеді. Қазақстанда да көптеген тамаша компаниялар мен тәжірибелі мамандар бар. Бірақ өкінішке қарай нарық басқа елдердегідей үлкен емес. Бос жұмыс орындарына да бәсеке соншалықты жоғары дей алмаймын. Дәл осы жайт баға жетпес тәжірибе жинақтай отырып, мансап сатысымен жылдамырақ көтерілуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Қатарда экономиканы цифрландыру үшін нақты бағыттар бар. Соның арқасында ел жаңа мұнай, жасанды интеллект сияқты перспективалық бағыттарды дамытып, ресурстық экономикаға тәуелділікті азайту арқылы болашақта бәсекелестік артықшылыққа ие болмақ.
«Мұндай бағдарламалар Қазақстанда да белсенді дамып келеді және уақыт өте келе Үкімет бұл салаларды одан әрі ынталандырады деп сенемін. Бізде жағдай жасалса қызықты жобалар ұсынып, елімізге пайда әкелетін көптеген жас маман бар», - деді ІТ маманы.
Сонымен қатар ол Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін не істеу керектігіне тоқталды.
«Меніңше, нейрондық желілерді және басқа да жасанды интеллект құралдарын пайдалануды білім берудің бастапқы кезеңінен қолға алу керек. Мектептерде жасанды интеллектіні пайдалануға лицензия сатып алып жатқан елдер бар. Бұл – мүмкіндік. Нарықтық өзгерістерге тез бейімделу де артықшылық береді. Осы бағытта дамып, жобаларды жүзеге асыру үшін ең алдымен жас мамандарды кеңінен насихаттап, ынталандыру қажет.
Бірінші – жасанды интеллект саласында жоғары білікті кадрлар даярлауды кеңейту. Ол үшін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында заманауи білім беру бағдарламаларын құруды ынталандыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға шетелдік мамандарды белсендірек тартуға болады.
Екінші – тау-кен өнеркәсібі, медицина, мемлекеттік басқару, ауыл шаруашылығы сияқты басым секторларда жасанды интеллект технологияларын енгізуді ынталандыру. Бұл олардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қатарда мұндай бағдарламалар қазірдің өзінде бар. Мүдделі мамандар мен кәсіпкерлер арасында мемлекеттің нақты қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін шешімдер іздестіріледі.
Ал ең маңыздысы – жасанды интеллект саласында стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасау, яғни бюрократиялық кедергілерді азайту, салық режимін жеңілдету, технопарктер мен акселераторларды құру қажет. Бұл іс-шараларды жүзеге асыру Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуын айтарлықтай жеделдететініне сенімдімін әрі еліміз бұл салада өңірлік көшбасшы болуы үшін үлкен әлеуеті бар», - деді Олжас Ерғалиев.