Омбы–Майқапшағай трассасында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық маңызы бар Омбы–Майқапшағай автожолының Павлодар–Семей–Қалбатау бағыты бойынша қозғалыс жылдамдығын бақылауға арналған жүйе жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Абай облысының Полиция департаменті.

ZEREK-2 жүйесі және орташа жылдамдықты бақылау
Фото: Абай облысы ПД

Тәртіп сақшылары жүргізушілерге осы учаскеде сегіз арка орнатылғанын ескертеді.

— Олар заманауи «ZEREK-2 аппараттық-бағдарламалық кешенімен жабдықталған. Бұл құрылғылар көлік құралдарының бір нүктеден екіншісіне дейінгі орташа жылдамдығын есептеп, тіркейді. Сондықтан жүргізушінің камера алдында жылдамдықты уақытша төмендетуі көмектеспейді — жүйе жалпы жүріп өткен аралықтағы жылдамдықты негізге алады, — делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда орташа жылдамдықты асыру бойынша 1000-нан астам құқықбұзушылық тіркелген.

ZEREK-2 жүйесі және орташа жылдамдықты бақылау
Фото: Абай облысы ПД

— Мұндай заңбұзушылықтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 592-бабына сәйкес қаралады. Жылдамдықты асыру деңгейіне байланысты айыппұл көлемі 5-тен 40-қа дейінгі айлық есептік көрсеткіштерді (АЕК) құрайды. Бір жыл ішінде қайталанған бұзушылықтар жағдайында айыппұл мөлшері 60 АЕК-ке дейін ұлғаюы мүмкін. Осылайша, жылдамдық режимін сақтамау — тек қалтаға салмақ салмай, жүргізуші куәлігінен айырылу қаупін де арттырады, — деп түсіндірді ведомство.

Айта кетейік, «ZEREK-2» жүйесінің енгізілуі жазалау құралы емес. Бұл технологияның басты мақсаты — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттылықты азайту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және жүргізушілердің жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Мұндай жүйелер жұмыс істеп тұрған Қазақстанның басқа өңірлерінің тәжірибесі көрсеткендей, орташа жылдамдықты бақылау жол-көлік оқиғаларының нақты төмендеуіне әсер етеді.

Абай облысы Полиция департаменті барлық жүргізушілерге жол қозғалысы ережелері мен жылдамдық шектеулерін сақтауға шақырады. Жол қауіпсіздігі — баршаның ортақ жауапкершілігі, әрбір жүргізуші мұқияттылық, тәртіп пен басқа жол қозғалысына қатысушыларға деген құрмет арқылы ортақ іске өз үлесін қоса алады.

Бұдан бұрын Абай облысында қызметкерлерін рогаткамен атқан полиция бастығы жұмыстан қуылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар