Омбудсмен азаптауларға қарсы ҮЕҰ Коалициясының жарияланымына қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев азаптауларға қарсы ҮЕҰ Коалициясының жарияланымына қатысты пікір білдірді.

— Жақында (2025 жылғы 13 мамырда) порталдардың бірінде «Қазақстандағы азаптау жағдайы туралы құқық қорғаушылар нақты ахуалды баяндады» деген атаумен мақала жарияланды. Онда Қазақстандағы азаптауларға қарсы үкіметтік емес ұйымдар Коалициясы елдегі азаптау фактілеріне қатысты белгілі бір баяндама дайындағаны айтылған. Сондай-ақ бұл жобаны қазақстандық құқық қорғаушылар Еуропалық одақтың қаржылық қолдауымен іске асырып жатқаны ерекше атап өтілген, — деп жазды ол.
Омбудсмен баяндама арқылы елдегі жағдайға объективті баға беруге талпынып отырғанына байланысты пікір білдіргенін айтқан.
— Мақала мәтінінен аңғарғанымыздай, «баяндамада» елімізде белгілі бір оң өзгерістерге қарамастан, азаптаудың зиянды әрі «жүйелі» деп аталатын тәжірибесі мен кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтаруы жалғасып келеді деген тұжырым жасалған. Әдетте, біз мұндай сипаттағы мәлімдемелерге жауап қатпаймыз, азаматтық қоғам және мемлекетпен өзара іс-қимыл шеңберінде нақты проблемаларды бірлесіп, сындарлы түрде шешуге басымдық беруді жөн көреміз. Алайда «баяндама» елдегі жағдайға объективті баға беруге талпыныс білдіріп отырғандықтан, қысқаша пікір білдіруге мәжбүрмін, — деп жазды А. Ластаев.
Еске сала кетейік, ол бұған дейін заң балаларды тартып алуға ықпал етуі мүмкін деген пікір таза фейк екенін айтқан еді.