Омбы қазақтары ұлттық дәстүрімізді ұлықтауда - ФОТО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Омбы қаласы Қазақстан тарихында салмақты орын алатыны белгілі.
None
None

Соңғы деректерге сүйенсек, қазіргі Омбы облысында қазақтардың саны 100 мыңға жуық екен, ал Омбы қаласында 30 мыңнан астам қандастарымыз өмір сүреді. Омбы қаласында қазақтың көптеген ғалымдары оқып, білім алғаны белгілі. Олардың қатарында Шоқан Уәлиханов, Мұса Шорманов, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, т.б. бар. Ал Омбы облысы бойынша елуге жуық қазақ ауылдары кездеседі. Олардың атаулары да әлі күнге шейін қазақша сақталып қалған. Мысалы, Қоянбай, Дамбай, Қарағаш, Шарбақты, Байымбет, Тайынша, Қарабұқа, Жарағаш, т.б. ауылдар. Бір өкініштісі, аталған ауылдарда қазақ мектептері мүлде жоқ, 16 ауылда қазақ тілі тек факультативтік курс ретінде оқытылады. Әйтсе де Омбы қазақтары тілдерін, қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін барынша сақтап келеді. Оған дәлел ретінде Омбыда өткен мына Үйлену тойын алуға болады. 1. Жас жұбайлар Ақан мен Айнұр үйлену тойларын қазақы салт-дәстүрді сақтай отырып өткізді. Алдымен Ұзату тойында қалыңдық қазақы оюмен көмкерілген ұлттық киімді киді.

2. Қыз ұзатып, келін түсіретін қазақтың әр шаңырағында «Құйрық-бауыр асату» салты жасалады. Құйрық-бауыр құдалықтың басты заңдарының бірі болып табылады. Құйрық-бауыр желінген соң құдалар жағы табаққа ырымдап, ақша беріп, сый-сияпат көрсетеді. Омбылық қазақтар да бұл ырымды ұмытпапты.

3. Жас келінді алып кетуге келген құдалар жағы үлкендердің батасын алуды да назардан тыс қалдырмады.

4. Жас жұбайларды көпшілік ақ жол төсеп қарсы алды.

5. Үйлену тойында неке куәлігі салтанатты түрде табысталды. Неке куәлігіне қол қойған жас жұбайлар бір-біріне неке сақиналарын кигізді. Ресейдің Омбы өлкесінде жаңа қазақ отбасы дүниеге келді.

6. Беташар - қазақтың келінді түсіргенде жасалатын салттарының бірі. Жаңа түскен жас келін қайын жұртына сәлемдесіп, ілтипат көрсетті.

7. Тойда қазақы ән-күйлер айтылды. Сондай-ақ асабаның тосын сыйы ретінде тойға келген қонақтар түрлі елдің ұлттық киімдерін киіп шығып, жас жұбайларды құттықтады.

8. Тойбастар жиын-тойдың аяқталғанын, бірақ қуаныштың алда әлі жалғаса беретінін білдіреді. Тойбастарды қонақтарға «Тойымыз тойға ұлассын! Сіздердің де шаңырақтарыңызда осындай үлкен той болсын» деген ырыммен таратып береді.

9. Солтүстік қазақтарында, сондай-ақ Омбы қазақтарында кез келген той соңында ер адамдар арасында «Жілік сындыру» ұлттық ойыны өткізіледі. Әдетте жылқының ортан жілігін сындырады. Жілік сындырған адамға қажетті сый-сияпат көрсетіліп, шапан кигізеді.

Оспанова Гүлден

Соңғы жаңалықтар