«Омега» зауытында жаңа жобалар қолға алынуда - БҚО

ОРАЛ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-дағы іргелі кәсіпорындардың бірі «Омега» прибор жасау зауытында жаңа жобалар қолға алынуда.
None
None

Қырық жылдан астам тарихы бар «Омега» прибор жасау зауыты кеңестік дәуірде электронды автоматты жүйелерге байланыс құрылғыларын, темірден түрлі құрамалар жасап, аспаптарға аса дәлдікпен жасалатын механизм тетіктерін шығаруға маманданды. Өндірістік әлеуеті мықты, мамандары жоғары білікті кәсіпорын уақыт ағымына орай өнімдердің жаңа түрлерін өндіруге бейімделген.

«Омега» прибор жасау зауыты» АҚ-ның бас директоры Азамат Жуаспаевтың айтуынша, зауыт коммерциялық іспен айналыспайды, тек мемлекеттік тапсырыстарды орындайды. Өйткені «Омега» - "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компананиясының еншілес кәсіпорны.. Биыл қыркүйек айында зауыт Төтенше жағдайлар министрлігі желісінен «КамАЗ" көлігіне орнатылатын таза су қондырғысына 15 тапсырыс қабылдады. Сонымен қатар зауыттықтар «Қазақстан темір жолы" ҰК-ның "Қамқор-Локомотив", "Локомотив" АҚ компанияларына темір жолға қажетті қосалқы бөлшектер мен қондырғыларды шығаруда. Мұның алдында ҚР Қорғаныс министрлігінен бір мың дана "ТАП-02" далалық телефон аппаратына тапсырыс алып, бас-аяғы үш айда орындап шықты. «Зенит» зауыты өздері шығаратын кемелерге Каспий теңізінің ащы суын тазалайтын қондырғылар орнатпақ. Осыған орай екі су қондырғысына тапсырыс берген. «Омега» таза су қондырғыларын өндіруге әбден маманданған. Су қондырғыларына тапсырыстар еліміздің өзге өңірлерінен де түсіп тұрады. Мысалы, Қызылорда облысының екі ауылына орнатылатын су тазалайтын қондырғыларына тапсырыс қабылданған. Зауыт өзінің жабдығына кепілдік береді. БҚО-да бұрын орнатылған қондырғыларды жөндеу бағытындағы жұмыстар жүруде. Ақмола өңіріндегі білім беру нысандарына таза су қондырғысын орнату жұмыстары басталған. Оған оралдық зауыт та атсалыспақ. Биыл Астанадағы бір мектепке 100 литрлік қондырғы дайындап, орнатылуы тиіс.

2012 жылы БҚО-да "Ақ бұлақ" бағдарламасы бойынша алты-жеті жоба негізінде су қондырғыларын жасап, оларды орнату қарастырылған. Қазақстанның өзге де өңірлерінен осы бағдарлама бойынша тапсырыстар түседі деп күтілуде.

Автобустар мен жеңіл бронды техника шығаратын түріктің "Отокар" компаниясы «Омеганың» өндірістік базасында бірлескен кәсіпорын ашуға келіскен. 2012 жылдың аяғында жаңа өндіріс іске қосылуы мүмкін. Келешегіне үміт артып отырған бағыттың бірі - ИФС, яғни инфрадыбыстық терапевтік қондырғы өндірісі. Құрылғы ультра емес, инфрадыбыс арқылы кейбір сүйек-буын ауруларын емдеу шарасын жүргізуге арналған. Оған патент алынған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен БҚО денсаулық сақтау басқармасымен тапсырыстарға қатысты келіссөздер жүруде. Шамамен 2012 жылға 20 шақты тапсырыс болмақ. Зауыттың жаңа өнімі - «КАРС» рентген аппараты. Көршілес Ақтөбе қаласындағы рентген аппаратына қарағанда, оралдық рентген қондырғысының жеңіл және алып жүруге қолайлы түрлері бар. "КАРС-тың" Қазақстан бойынша 12-ісі шығарылып, қолданылуда. Рас, «омегалық» өнімнің бағасы 30 пайызға қымбат. Олай болатын жөні бар, өйткені оның адам денсаулығына тигізетін зияны жоқ әрі ауруды 99,9 пайыз (ақтөбелік аппарат 70 пайыз) анықтайды.

-«ҚТЖ» ҰК бойынша жаңа 4-5 жоба қолға алынуда. Келешекте соларға қатысу үшін жаңа өнімдер технологиясын игеру жоспарланды. Қорғаныс министрлігінен алдағы жылға біздің өнімдерімізге тапсырыстар түседі. Шекаралық заставаларға, әскери бөлімдерге су тазарту қондырғыларын орнатуға келісімдер жүргізілуде. Төтенше жағдайлар министрлігі желісінен де тапсырыстар болады деп күтілуде, - дейді зауыттың басшысы Азамат Жуаспаев.

Қыркүйектен бастап зауыттықтардың жалақысы 30 пайызға өскен. Қазір өндірісте 168 адам еңбек етуде.

Елбасымыздың инновацияны, абсолютті инновацияны табу жөнінде тапсырма бергені белгілі. «Омега» зауыты осы тапсырма үдесінен шығуды мақсат етіп келеді. ИФС - ешбір өзге елде қолданылмаған, тың құрылғы.

Соңғы жаңалықтар