Өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталығынан шығару ережесі бекітілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталықтарынан шығару тәртібі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының бұйрығында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталығынан шығару ережесі бекітілмек

Өзгеріске сәйкес, енді жасөспірімдер өмірлік қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталығынан мына тәртіп бойынша шығарылады:

- өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығынан шығару кезінде кәмелетке толмағандар тұрғылықты жеріне қатаң түрде ата-аналарының немесе басқа да заңды өкілдерінің еріп жүруімен жіберіледі;

- қабылдау-беру актісі бойынша орталықтан шығарылғандарды өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығы қызметкерлері алып жүреді, орналасатын жеріне жеткізеді;

- арнаулы білім беру ұйымдарына жіберілетін кәмелетке толмағандар өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының қызметкерлерінің ілесіп жүруімен жеткізіледі;

- кәмелетке толмаған қыздарды алып жүруді тек қана әйел жынысты қызметкер жүзеге асырады;

- кәмелетке толмаған баланы орталықтан шығарған кезде оның ата-анасына немесе басқа да заңды өкілдеріне денсаулық жағдайы туралы анықтамалар, үлгерімі туралы табель, психологиялық-педагогикалық мінездеме беріледі.

Айта кетсек, қолданыстағы талапта мұндай ереже мен тәртіп жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін балалардың аталған орталықтарда болу мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқаратынын хабарлап едік.

Бұйрықты ашық талқылау 1 наурызға дейін жалғасады.