10:03, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Өмірзақ Шөкеев Маңғыстаудың бірқатар өндіріс нысандарында болды
АҚТАУ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/- Маңғыстау облысына сапары кезінде вице-премьер Ө.Шөкеев бірқатар өндіріс нысандарында болды.
Ақтау болат құймалары зауытының жұмысымен танысқан вице-премьерге зауыт директоры кешен жұмысының жағдайын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Зауыт металл қақтау өндірісіне болат құймаларын дайындайды. Жобаланған өндіріс қуаттылығы ? жылына 500 мың тонна, отандық сұраныстың 70 пайызын қамтамасыз етуге жетеді. 2008 жылғы өндіріс көлемі - 4 млрд. теңгеге жуықтады. Зауыт өнімі ішкі нарықпен қатар, Иран және Түркия елдеріне шығарылады. Жобаның жүзеге асуына 35 млн. АҚШ доллары жұмсалған. Оның 15 млн. Қазақстан Даму банкінен тартылған болса, қалған қаржыны құрылтайшылары өздері салған. Кәсіпорын директоры Азамат Сүйебаев зауыт толық өндірістік қуатында жұмыс істеуі үшін Өмірзақ Естайұлынан мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетуге ықпал етуін өтінді.Ал «МАЭК-Қазатомпром» кәсіпорнына сапары кезінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жаңадан салынған су тұщытатын қондырғының жұмысымен танысты. Екі модульді ГТПИ-6.000 қондырғысы тәулігіне 12000 текше метр су тұщыта алады. Буландыру жолымен конденсат түзетін әдіспен жұмыс істейтін қондырғыдан шығатын судың құрамындағы тұз 5 мг/литрден аспайды.Өткен жылы «Өзен-Жетібай» учаскесіндегі «Өзен-Ақтау» магистральді газ құбырының резервтік тармағының салынуы арқылы комбинатқа шикізат - газдың қауіпсіз әрі үздіксіз жеткізілуіне жағдай жасалды. Кәсіпорында қазір 4 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ө.Шөкеев Ақтау халықаралық теңіз-сауда портында болып, солтүстік бағытта жүргізіліп жатқан портты кеңейту жұмыстарымен танысты. Порт аумағында қосымша 4 мұнай құю, 4 құрғақ жүк айлағының құрылысы жоспарланған. Осылайша, порт арқылы жүк тасымалының жылдық көлемін 30 млн. тоннаға жеткізу көзделді.