Өмірзақ Шөкеев облыс әкімдеріне астық сатып алу штабтарын құруды ұсынды

Мұндай ұсынысты ол бүгін Үкіметтің селекторлық форматтағы отырысында жасады.
Өмірзақ Шөкеевтің атап өтуінше, қазіргі таңда республика аумағында бастырылған астықты сақтауға қажетті қоймалар жеткілікті. Шамамен 5 млн. тонна астық сақтайтын қойма бар. Сонымен қатар айына 1 млн. тонна астықты экспорттайтын болсақ, онда шаруалардың бидайларын сақтауға қажетті элеваторларда орындар босап отырады.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының атап өтуінше, шаруалар астықтың бағасы көтеріледі деген үмітпен бидайларын сатуға құлшыныс танытып отырған жоқ. Ал, азық-түлік корпорациясының ұсынып отырған 1 тоннаға 170 АҚШ доллары өте тиімді баға. «Сондықтан, барлық әкімдер бұл істі бақылауларына алып, астық сатып алу штабтарын құруы қажет. Шаруалар үшін ең дұрысы, астықтарын Азық-түлік корпорациясына сатып, бұл проблемалардан арылу»,-деді ол.
Оның пайымдуынша, әкімдер астықты мемлекеттік сатып алу, ал Ауыл шаруашылығы мен Көлік және коммуникация министрліктері темір жолмен тасымалдау проблемаларымен айналысулары қажет.