Өмірзақ Шөкеев пен Қайрат Қожамжаров Көкшетаудағы тұрғын үй мәселесін бірлесіп шешу туралы меморандумға қол қойды

Өткен ғасырдың 50-інші жылдары салынған үйлердің әбден тозығы жеткен. Сол себепті қазір қаладағы тұрғын үй мәселесі өткір күйінде тұр.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Ақмола облысының әкімі Қайрат Қожамжаров «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында Қопа көлінің жағалауында көпқабатты тұрғын үй кешенін салу туралы жобаны бірлесе жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Жоба бойынша, жаңа шағынауданда автотұрақ, емхана, мектептер, спорт кешені, әкімшілік ғимараттар бой көтермек. Бұл шағынауданның құрылысы алдағы жылдары аяқталса, Көкшетау қаласында 3000 отбасы тұратын 200 мың шаршы метр баспана пайда болады. Пәтерлердің бағасы да әр шаршы метр үшін 800 доллар, демек 102,7 мың теңгенің шамасында болуы тиіс. Жобада көрсетілген 6 тұрғын үй кешенін салу үшін алдымен бұл маңдағы тозығы жеткен 96 үйді бұзу қажет. Ол үйлерді иелерінен сатып алу үшін бюджеттен тиісті қаржы бөлінетін болды.