Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Өмір бойына бас бостандығынан айыру: биыл кімдер қандай қылмыс үшін сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – 14 шілдеде Атырау облысында бір отбасының мүшелерін аса қатыгездікпен өлтірген азаматқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл – 2026 жылдың басынан бері Қазақстан соттары шығарған немесе заңды күшіне енген осындай кемінде бесінші үкім. Kazinform тілшісі биыл өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған ең резонансты қылмыстық істерге шолу жасады.

Мемлекеттік айыптаушы соттан Сұлтан Сарсемалиевті өмір бойына бостандығынан айыруды сұрады
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Қаңтар: Атырауда NCOC қызметкерін өлтірген адамның өмір бойғы жазасы өзгеріссіз қалды

Қаңтарда Атырау облыстық соты алаяқтық, зорлау, өзге қылмыстарын жасыру мақсатында жүкті NCOC қызметкерін аса қатыгездікпен өлтіру, ұрлық және автокөлікті заңсыз иелену баптары бойынша кінәлі деп танылған азаматқа шығарылған өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сотталған азамат пен оның қорғаушысы бірінші сатыдағы сот шешіміне шағым түсіргенімен, апелляциялық сот алқасы үкімді өзгертуге негіз жоқ деген қорытындыға келді.

Еске салсақ, бұл қатыгез қылмыс туралы 2025 жылдың сәуірінде белгілі болды. Іс бойынша сот процесі сол жылдың шілдесінде басталды Ал бірінші сатыдағы сот айыпталушыны қыркүйекте өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Сәуір: Қызылордада баланың көз алдында екі әйелді өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

Сәуірде Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі көршісін кәмелетке толмаған баланың көз алдында өлтірген ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Іс материалдарына сәйкес, биыл қаңтарда айыпталушы спирттік ішімдік ішкеннен кейін қолына пышақ алып көршілерінің үйіне барған. Алдымен егде жастағы әйелге пышақ сұғып, кейін жуынатын бөлмеге тығылмақ болған оның қызына шабуыл жасаған.

Қылмыстың куәсі болған кәмелетке толмаған бала да жараланған. Соған қарамастан ол сыныптасына хабарлама жіберіп үлгерген. Кейін көршілері полиция шақырған.

Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1 және 5-тармақтары, сондай-ақ 107-бабы 2-бөлігінің 8-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Қылмыстық кодекстің 58-бабы 4-бөлігіне сәйкес түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сәуір: Қостанай облысында әйелі мен кәмелетке толмаған ұлын өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

Сәуірде Қостанай облысында тағы бір өмір бойғы үкім шықты. Ер адам жұбайы мен кәмелетке толмаған ұлын өлтіргені үшін кінәлі деп танылды.

Тергеу дерегінше, қылмыс 2025 жылдың күзінде қызғаныштан және ажырасуға байланысты туған жанжал кезінде жасалған. Шабуыл кезінде ұлы анасын арашаламақ болғанымен, пышақ жарақатынан көз жұмған. Әйелі де оқиға орнында қаза тапқан.

Апелляциялық шағым қаралғаннан кейін үкім заңды күшіне енді.

Шілде: Өгей қызын зорлаған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

13 шілдеде Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 36 жастағы ер адамды кәмелетке толмаған өгей қызын зорлағаны үшін кінәлі деп таныды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс 2022–2025 жылдар аралығында бірнеше рет жасалған. Қыз өгей әкесінің қорқытуынан сескеніп, болған жайтты ешкімге айтпаған.

Сот айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айырып, оған өмір бойы педагогикалық қызметпен айналысуға және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салды.

Сот үкімінде айыпталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтары және сараптама қорытындылары арқылы толық дәлелденгені көрсетілді.

Шілде: Атырау облысында бір отбасының мүшелерін өлтірген адамға өмір бойғы жаза тағайындалды

14 шілдеде Атырау облысының Жаңгелдин ауылында бір отбасыны өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Екі айға созылған ашық сот процесінің қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайының туыстарын аса қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп танылды.

29 жастағы сотталушы ұрлық, алаяқтық, құжаттарды заңсыз иелену және қылмысты жасыру баптары бойынша да жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, ол жәбірленуші тарапқа моральдық зиян үшін 40 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Ол жазасын қауіпсіздігі ерекше түзету мекемесінде жазасында өтейтін болды.

Еске салайық, бұл отбасы 2025 жылдың соңында хабар-ошарсыз кеткен. Туыстарының арызынан кейін іздеу жұмыстары 25 желтоқсанда басталды. Кейін ерлі-зайыптылардың мәйіті табылып, күдіктіге іздеу жарияланған болатын.

Қазақстанда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қандай жағдайда тағайындалады?

2024 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін күшейту мәселелері жөніндегі заңдарға қол қойды. Соған сәйкес Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді.

Енді кәмелетке толмаған баланы өлтіргені, оны зорлағаны немесе оған қатысты сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру баламасыз жаза ретінде белгіленді.

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 200-ден астам адам өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр.