Өмір мен үміт арасы: Нейрохирургтің кәсіби шеберлігі мен адамгершілік миссиясы

АСТАНА. KAZINFORM - Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының қабырғасында күн сайын адам өмірі үшін күрес жүріп жатады. Кәсіби мамандардың бірі - Ми патологиясы нейрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі, нейрохирург Нұржан Рыскелдиев. Ол – өз ісінің нағыз шебері, талай адамның өмірін сақтап қалған білікті маман.

Нұржан Рыскелдиев
Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Дәрігерлік жолға бала кезден дайындалған. Мектеп оқушысы болып жүргенінде анасы ұлының ақ халатты абзал жан болғанын армандаған екен. Ана үміті ақталды. Нұржан Рыскелдиев еліміздегі білікті нейрохирургтердің біріне айналды.

Нұржан Рыскелдиев
Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Ол – бас миының күрделі патологияларына ота жасауға маманданған жоғары санатты дәрігер. Әсіресе, ірі ісіктерді алып тастау сияқты өте күрделі операцияларды сәтті жүргізіп жүр. Практикасында мұндай диагноз қойылған жүкті әйелдерге де талай рет ота жасап, ана мен баланың өмірін сақтап қалған жағдайлар болған.

Нұржан Рыскелдиев
Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Дәрігер үшін ең зор қуаныш – отадан кейін өз аяғымен тұрып кеткен науқастың отбасына, балалары мен немерелеріне аман-есен оралуы. Мұндай сәттер дәрігерге ерекше жігер мен шабыт береді.

Нұржан Рыскелдиев
Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Жуырда дәрігердің қабылдауына Алматы қаласынан бұрынғы пациенті келді. Осыдан екі жыл бұрын ол жүктіліктің 28-аптасында шұғыл түрде қаралған болатын. Науқасқа қойылған диагноз — мидың сол жақ маңдай-самай-төбе бөлігінде орналасқан үлкен ісік еді.

Сол кезде өмір мен өлім таразыға түскен сәтте нейрохирург микрохирургиялық әдіспен сәтті ота жасап, ісікті алып тастады. Нәтижесінде, анасы да, құрсағындағы сәбиі де аман қалды. Қазір ол баланың жасы екіге жақын, екеуінің де жағдайы жақсы.

Нұржан Рыскелдиев – тек білікті нейрохирург қана емес, әр науқастың жағдайын жүрегімен түсінетін жан. Ол үшін дәрігер мамандығы – жай ғана жұмыс емес, адамдарға өмір мен үміт сыйлайтын қасиетті міндет.

Айта кетсек, 13 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет дәрігерлермен Ақордада кездесті. Медицина қызметкері күнімен құттықтап, бұл жиынның мән-мағынасы ерекше екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар