Өмірімде қол жеткізген жетістіктерімнің барлығы қазақ тілімен байланысты — Алена Герасимова
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Бүгінде қазақ тілін меңгеру — жай қажеттілік емес, елге деген құрметтің, жауапкершіліктің, жүрек қалауының белгісі. Тілді меңгеріп қана қоймай, оны жанымен сүйіп, күнделікті өмірінің, кәсіби қызметінің ажырамас бөлігіне айналдырған жандар бар. Солардың бірі — Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны Алёна Герасимова.

Қазақ тілін қалай үйренуге болады? Неге тілді білу маңызды? Қандай дәстүрлерді ұстанады? Алёна ханым осы және басқа да сұрақтарға жауап береді.
— Алдымен өзіңізді таныстырып кетсеңіз…
— Менің кіндік қаным тамған жер — Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданына қарасты Оседлое елді мекені.
Жас кезімнен білімге құштар болып өстім, сондықтан жүрек қалауым ұстаздық жолға түсті. Осылайша мен қазақ тілі мен әдебиеті, кейінірек ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі мамандығын таңдадым.
Шындығында, журналист болу менің арманым еді, бұл мамандыққа да оқуға түстім. Алайда, шамадан тыс кішіпейілділік, сабырлылық пен ұяңдық — бұл салаға тән қасиеттер емес екені байқалды. Бұл жерде батылдық пен табандылық қажет. Дегенмен, айта кету керек, бұл салада жұмыс істеп көру мүмкіндігі маған бәрібір бұйырды.
Қазіргі таңда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарып жүрмін. Бұл — мен үшін тек жұмыс емес, шәкірт жүрегіне білім нұрын себетін асыл міндет.
Ұлтым — орыс. Отбасында кенже болғандықтан еркелетіп, қамқорлыққа бөлеп өсірді.

— Қазақша таза сөйлейсіз, қайда үйреніп жүрсіз?
— Қазақ тіліне деген қызығушылығым мектепте басталды. Бұл пәнді ерекше жақсы көретінмін. Әрқашан бірінші партада отырып, ұстазымды зейін қойып тыңдайтынмын. Қазақ тілі пәнінің ұстаздары — Әскен Еслямқызы мен Алмагүл Есенайқызын үнемі зор құрметпен еске аламын. Олар әрдайым қолдау көрсетіп, түрлі тілдік байқауларда, мәнерлеп оқу сайыстарында маған жетекшілік етті. Сол жарыстарда жүлделі орындарға ие болған кездерім де аз емес.
Біздің ауылда әртүрлі этнос өкілдері бірге тұрды, бірақ менің ең жақын құрбыларымның көбі қазақ қыздары еді. Солардың бірі қазақ сыныбында оқитын. Мен одан үнемі: «Мына сөз қалай аударылады?» — деп сұрайтынмын. Ол маған үй тапсырмаларын орындауда көмектесетін. Осылайша тілді меңгеріп алдым.
Кейін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдадым. Алайда, шеберлік әрқашан тәжірибемен келеді. Әртүрлі салаларда еңбек етіп, қазақ тілінде еркін сөйлеп, сауатты жазып, еркін қарым-қатынас жасай бастадым. Нағыз жетістіктің кілті — тәжірибеде.
— Отбасыңызда ата-анаңыз, бауырларыңыз да тілді біле ме?
— Менің туыстарым, өкінішке орай, қазақ тілін білмейді. Кейбірі сәл түсінеді, енді бірі ең қарапайым сөздерді ғана айта алады. Бірақ бәрі де әрқашан менің талпыныстарымды қолдап отырды.
Қазір тұрмыстамын. Ұлым өсіп келеді. Үйде біз негізінен екі тілде — қазақ және орыс тілдерінде сөйлесеміз. Ал жолдасымның туыстары тәжік және өзбек тілдерінде араласады. Өзбек тілін де түсінемін, өйткені ол кейбір тұстарымен қазақ тіліне ұқсас. Сондай-ақ жұбайым ұлымызға тәжік тілін үйретіп жүр. Ол өзі төрт тілде еркін сөйлейді.
— Қазақтың дәстүрін ұстанасыз ба? Қайсы дәстүр ұнайды?
— Көпшілік біле бермейді, бірақ тұрмыс құрған соң, бірден емес, уақыт өте келе мен Ислам дінін қабылдадым. Бұл — менің саналы түрде қабылдаған шешімім еді. Құран сүрелерін жатқа білемін, олардың қай жерде, қай жағдайда оқылатынын да жақсы меңгергенмін.
Отбасымызда біз православ мерекелеріне құрметпен қараймыз, алайда оларды атап өтпейміз. Туған-туыстарым мен достарымды құттықтап қоямын. Біздің шаңырақ үшін басты мереке — Құрбан айт. Мен ораза ұстаймын.
Өзім Қазақстанда дүниеге келіп, осында өскендіктен, қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын да жақсы білемін. Жас шаңырақ ретінде біз де өзімізше кейбір дәстүрлерді сақтап жүрміз. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан әдет-ғұрып пен салттың алтын арқауы — аналар мен әкелер, аталар мен әжелер. Олар өздерінің даналығы мен өмірлік тәлімі арқылы бізге дәстүрді қастерлеуді үйретеді.

— Қазақ тілін қалай тез үйренуге болады деген оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз?
— Әрине, ең бастысы — ықылас пен ниет. Екіншіден — тілдік орта. Бұл тіл үйренудегі ең үлкен көмекші. Тіл білетін адаммен еркін сөйлесіп, қателесуден қорықпау — табысқа жетудің ең дұрыс жолы.
Сонымен бірге түрлі курстарға қатысуға да мүмкіндік бар, қазір олардың көбі тегін. Интернет дәуірінде тілді меңгерудің сан түрлі тәсілдері бар: қазақ тіліндегі сериалдар мен фильмдерді көру, бағдарламалар мен жаңалықтарды тыңдау, оқулықтар мен өздігінен үйренуге арналған құралдар арқылы білім алу.
Тіл үйренудің жолдары көп, бірақ тағы да қайталап айтамын — ең бастысы, адамның шынайы қалауына байланысты. Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдерінің өзі қазақ тілін үлкен ықыласпен үйреніп, көмек сұрап жатады.
— Қазақ тілінің жеткілікті деңгейде дамуына не кедергі, мүмкін қазақтілді ортаның жоқтығы себеп шығар?
— Қазақ ауылында өскен өзге ұлттың балалары тілді аса шебер меңгеріп, туған тіліндей еркін сөйлейді.
Әрине, мұнда ең бастысы — тілдік орта. Дәл сол сөйлесу тәжірибесі мен тұрақты қарым-қатынас қана нақты нәтижеге жеткізеді.
Қазір ата-аналарға баласына қазақ тілін үйретуге мүмкіндік мол ғой. Қазақ тілінде білім беретін көптеген балабақша мен мектептер ашылып жатыр. Дегенмен, кей ата-аналар өздері тілді жеткілікті меңгермегендіктен балаларын мектепке беруге қорқып жатады. Себебі, балаға көмектесе алмаймыз деп уайымдайды. Әсіресе үй тапсырмасын орындау кезінде.
Менің ойымша, мұғалімдер бағыт-бағдар беріп, әрдайым қолдау көрсетеді. Сондықтан бұдан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, бала тіл үйрене отырып, сізге де көп нәрсені үйретеді. Бұл, өз кезегінде, көптеген ата-аналарға да ынталандыру болады — олар да тілді үйренуге немесе бар білімдерін жетілдіруге ниеттенеді.
— Қазақ тілін білетіндігіңіз сізге қаншалықты көмектесті?
Тілді білу — мен үшін әрқашан үлкен көмек. Бейтаныс жерге барғанда бір нәрседен қиналсаң, қазақ тілінде сұрайсың — саған жауап береді, сен түсінесің. Бір нәрсені көріп қалсаң, оқысаң, қолыңа бір құжат түссе, аударуға көмек сұраудың қажеті жоқ — өзің түсінесің.
Күнделікті өмірде де, жұмыста да, қоғамдық ортада да — тіл білудің пайдасы шексіз. Бұл өмірді жеңілдетеді әрі әр ісіңе демеу болады. Әсіресе, біз Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан, қазақ тілін білу — өте маңызды. Қазақ тілі — біздің мемлекеттік тіліміз. Оны білу — өз еліңді құрметтеу, нағыз патриот болу деген сөз. Сонымен қатар, тіл меңгеру — білімді арттыру, бәсекеге қабілетті болу жолы.
— Қазақ әдебиетінен кімдерді оқисыз?
— Мен өзім өлең жазамын (көбіне орыс тілінде, қазақ тілінде де байқап көрдім — жаман шықпайды деп ойлаймын). Сондықтан поэзияны айрықша жақсы көремін.
Мектеп кезінен бастап Абай оқуларына қатыстым; студенттік шақта да, ұстаз болып жүрген кезімде де осы байқауда бақ сынадым. Жүлделі орындарға ие болғанмын. Абайдың поэзиясы, оның қара сөздері — мен үшін әрдайым үстел үстінен табылатын қымбат кітап.
Мені ерекше шабыттандыратын ақын-жазушылардың қатарында Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Әуезов бар. Сонымен бірге қазіргі заманғы қаламгерлердің ішінде де тілді поэзиялық және прозалық тұрғыда шебер меңгергендері аз емес. Сол себептен кейде біреуін ғана бөліп атау қиын. Әрқайсысының өзіндік биігі, өзіндік әсемдігі бар. Әдебиет әлеміне бойлап, шығармаларды оқу — жанға нағыз тыныштық пен қуаныш сыйлайды.
— Студент кезіңізден қоғамдық жұмыстарға белсене араластыңыз. Қазір қандай жобаларға қатысып жүрсіз?
— Жақында мен әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok) тіл үйретуге арналған бейнероликтер жариялайтын парақша аштым. Алдағы уақытта оны пайдалы да мазмұнды жаңа видеолармен жиі толықтырып отыруға тырысамын.
Сондықтан көмек қажет жандар үшін бұл — тілді меңгеруде қосымша құрал болмақ. Жазылыңыздар, әрқайсыңызға қол ұшын беруге дайынмын.
Достарыңызбен де бөлісіңіздер, тілді үйренгісі келетіндерге бұл парақша пайдалы болады. Instagram-да, TikTok-та да мені @alona_a_g деген атпен таба аласыз.

— Бір кездері облыстық телеарнада жұмыс істедіңіз, қазақша бағдарламалар жүргіздіңіз. Қазір ауылда еңбек етіп жатқаныңызға өкінбейсіз бе?
— Жоқ, өкінбеймін. Ауылда тыныш, жайбарақат өмір сүруге болады. Қоғамға қай жерде жүрсең де пайдаңды тигізе аласың. Бұл — менің өмірімдегі келесі саты, жаңа тәжірибе. Ал оның бары жақсы-ақ.
Мен әр кезеңде түрлі қызметтер атқардым: алдымен теледидарда жұмыс істедім, кейін университетте оқытушы болдым. Көкшетаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде баспасөз қызметінде еңбек еттім, әдебиеттердің шығару редакторы болдым. Оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін де атқардым.
— Қазіргі жұмысыңыз жайында, оның ерекшелігі, жақсы тұстары туралы айтып беріңізші…
— 2017 жылдан бастап мен екінші мамандығым бойынша — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп келемін. Қазіргі таңда қызметімнің басым бөлігі осы бағытпен байланысты. Кейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен де сабақ беруге мүмкіндік болады. Бірақ негізінен ағылшын тілін оқытамын.
Дегенмен, қазақ тілінің өмірімдегі орны ерек. Түрлі байқауларға қатысамын, оқушыларды дайындаймын, түрлі іс-шараларда сөз сөйлеймін.
— Алға қойған жоспарларыңыз қазақ тілімен байланысты ма?
— Қазақ тілі және онымен байланыстының барлығы маған жақын. Жүрегіммен сүйіп, өз ана тілімдей қабылдадым. Өмірімде жеткен жетістіктерімнің, қол жеткізген игіліктерімнің, тіпті отбасым мен отбасы құндылықтарының да бір негізі — қазақ тілін білуімнің жемісі деп білемін.
Бұған дейін 15 тілде сөйлейтін қазақ қызы Айгерім Оразбек жайлы жазған едік.