10:34, 15 Қараша 2022 | GMT +5
Он айда 11,7 млн шаршы метр баспана қолданысқа берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар-қазан аралығында елімізде 11,7 млн шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, жылдың 10 айында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 5% ұлғайған.
«Көрсеткіштің оң өсімі 17 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғарғы өсуі Шымкент қаласында, Ақмола, Қызылорда және Алматы облыстарында байқалды.
Ағымдағы жылғы қаңтар-қазанда 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 1,1% көп.
Оң өсу 15 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы көрсеткіштер Түркістан, Ақмола, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында байқалды», -деді ол.
Ал көрсеткіштің төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Абай облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында тіркелген.