Он бес жасқа толған Ата заң заман талаптарын толығымен орындап отыр - А. Балаева

«Осыдан он бес жыл бұрын Қазақстан халқының таңдауымен дүниеге келген еліміздің Бас құжатына сол кездегі референдумда дауыс берушілердің 89 пайызы дауыс берген еді. Бұл біздің еліміздің демократиялық, құқықтық және зайырлы, әлеуметтік мемлекетке айналудың алғашқы қадамы болатын. Бүгінгі Қазақстан әлемдік қауымдастық алдында түрлі этносаралық, дінаралық келісім мен тұрақты дамып келе жатқан болашағы айқын мемлекет ретінде танылып отыр. Сол кездері тәуелсіздігін жаңа жариялаған мемлекет демократиялық ашықтық, жаңа нарықтық қатынастар, азаматтардың құқығы мен бостандығы, дін еркіндігі мен сан алуан ұлттар мен ұлыстардың мүдделерін жаңа Ата заң жобасында ескеріліді», - деді жиынды ашып сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Айда Балаева. Оның айтуынша, бүгінгі Конституция заман талаптарын толығымен орындап келеді. Өйткені, Қазақстанның қазіргі жетістіктері, елде қабылданып жатқан заңдар, нормативтік-құқықтық актілер, бағдарламалар мен Елбасы жарлықтарының барлығы Ата заң негізінен бастау алып отыр.
Жиын барысында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, құқықты қолдану практикасы және құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері талқыға салынды.
Конференция жұмысына орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сарапшы-ғалымдар, шетел дипломатиялық корпусының өкілдері қатысты.