Оң жақтағы рөлі ауыстырылған көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салынбақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қалааралық тасымалдау кезінде жүргізушілердің еңбек ету және демалу режимін бақылау құралдарын міндетті түрде қолдануы енгізіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған.
— Ішкі істер және Көлік министрліктері 2023-2027 жылдарға арналған бірлескен Жол картасын бекітті. 2024 жылы осы карта аясында ІІМ, КМ, «Яндекс. Такси» ЖШС және «Inservice» ЖШС («inDrive») ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды, — деді Роман Скляр.
Оның айтуынша, құжат оң жақ рөлді автомобильдердің такси қызметтерінен кезең-кезеңімен алып тастауды, жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға ынталандыратын әртүрлі жүйелерді енгізуді және басқа да мәселелерді қамтиды. Қазіргі уақытта бірлескен жұмыс нәтижесінде рөлі оң жақта орналасқан 70 мыңнан астам көлік құралына интернет-платформаларға қолжетімділік шектелді.
— Сонымен қатар, жолаушылар тасымалы қауіпсіздігінің деңгейін арттыру мақсатында заңнамалық түзетулер дайындалды, — деді ол.
Вице-премьер дерегінше, олар мыналар:
— оң жақтағы рөлі ауыстырылған көлік құралдарын такси ретінде пайдалануға тыйым салу;
— қалааралық тасымалдау кезінде жүргізушілердің еңбек ету және демалу режимін бақылау құралдарын міндетті түрде қолдану;
— тасымалдаушылардың заңнама талаптарына сәйкестігін бақылау бойынша интернет-агрегаторларының міндеттерін белгілеу;
— таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметінің жұмысына рұқсат беру тәртібін енгізу.
Айта кетейік, Алматы мен Астанада жүргізушісіз такси жобасы іске қосылды.