Оңай өндірілетін мұнайдың уақыты өтті - жер қойнауын пайдаланушылардың кеңейтілген мәжілісі - Қ. Көшербаев

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Оңай өндірілетін мұнайдың уақыты өтті. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жер қойнауын пайдаланушылардың кеңейтілген мәжілісінде осылай деді.
None
None

Жиынға ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин қатысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Қызылорда облысына жалпы республикалық мұнай, ілеспе газ және конденсат қорларының 4,5 пайызы тиесілі. Сонымен бірге аймақ басшысы оңай өндірілетін мұнайдың уақыты өткенін, қазіргі таңда игеріліп отырған кен орындарының басым бөлігі өндірістің қорытынды кезеңдеріне шығып, олардың қалдық қорлары қиын өндірілетін ресурстар санатына жататынының құпия еместігін кеңеске қатысушылардың назарына салды. Кейбір кен орындарының сулану деңгейі 95 пайыз болып отыр.

- ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша 2013 жылы Қызылорда облысында 10,6 миллион тонна шикі мұнай өндіріліп, 2012 жылғы өндіру көлемінің 97 пайызын құрады. Жыл ішінде «Торғай Петролеум» АҚ бойынша ғана өндіру көлемінің төмендеуі 450 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар, біз өндіру көлемінің 250 мың тоннаға дейін төмендеу орнын толтыра алдық, - деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.

«Өңдеу өнеркәсібінің республика бойынша орташа өсу қарқыны 101,6 пайыз болса, Қызылорда облысында ол 119,3 пайызды құрады», - деді облыс әкімі кеңесте.

Аймақ басшысы мұнай өндірудің алдағы 5 жылға арналған болжам межелеріне талдау жасады. Ол жыл сайын 5-6 пайызға төмендейді. Мұнай өндіру коэффициентінің орташа көрсеткіші 20-60 пайызды құрайтын болады. "Бұл көрсеткіштер бізді қанағаттандырмайды. Сондықтан кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін инновациялық әдістерді енгізу арқылы арттыру өзекті мәселе болып табылады", - деді аймақ басшысы.

Сарапшылардың бағалауынша, мұнай өндіру коэффициентін 0,1 пайыз арттыру аймақтағы мұнай қорларын 30 млн. тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өңірдің 3 жылдық мұнай өндіру көлеміне тең.

Енгізілетін инновациялар әлемдік өндіру көлемдерін бір жарым есе, ал жобалық мұнай өндіру көлемін 50 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, геологиялық барлау Қазақстан дамуының басымдықтарының біріне айналды. Біз үшін бұл өте маңызды, себебі алдағы жылдары өңдеу секторының жоғары қарқынмен дамуының өзі мұнай-газ саласындағы өндіріс көлемінің төмендеуінің орнын баса алмайды», - деді өңір басшысы.

Осы орайда жедел түрде Оңтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария шөкпе бассейндерін зерттеу қажет. Мұнда көмірсутегінің қомақты қорларын анықтау болжанып отыр. Геологиялық барлауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ұстанымдарын кең пайдалану қажеттігіне аймақ басшысы айрықша тоқталды.

Сондай-ақ Қ.Көшербаев Мұнай және газ министрлігі басшылығынан перспективалық аймақтарымызды жеке инвесторларға барлау үшін беру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Сондай-ақ, жиында облыс әкімі аймақ тұрғындарының 70 пайызын қамтитын 21 елді мекенді газдандыру мәселесін де көтерді.

2013 жылы осы жобаны жүзеге асыру үшін «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ тапсырысымен «Арысқұм» кен орнында кешенді газ дайындау құрылғысын салу жобалық құжаттамасы жасалып, биыл құрылыс-монтаж жұмыстарын атқару үшін 85 миллион АҚШ доллары қаралған болатын.

Алайда бүгінде «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ осы зауыттың құрылысын тоқтатты. Кәсіпорын инвестиция салу тиімсіз деп санайды. Бұл Қазақстан Республикасының 2013 жылдың 29 қарашасындағы № 1278 қаулысына сәйкес есептеу формуласының өзгеруіне байланысты болып отыр.

Дегенмен, «Сapital Gate Central Asia» кәсіпорнымен ГКДҚ салу жөнінде келісімге қол жеткізілді. «Біздің бір ғана шартымыз, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ мен «Қуатамлонмұнай» АҚ «Арысқұм» кен орнына дейін құбырларды салып, тазартылмаған ілеспе газды оны әрі қарай өндеу үшін жеткізіп тұрса болды», деді аймақ басшысы.

Осы зауыт құрылысы мен тиісті газ көлемін өндіру және жеткізу мәселесі оң шешімін тапқан жағдайда, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосылған «Арысқұм-Жосалы» магистральды газ құбырын салуға инвестициялық тетіктерді іске қосуға дайын.

Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралынан 5 бағыттаушы газ құбырын салуға және Арал, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған елді мекендерінде кент ішілік газ тарату жүйелері бар АГТС құрылысын салуға 16,5 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту жөнінде келісім жасалды.

Қызылорда облысындағы сервистік қызмет көрсетуші компаниялар 100 пайыз жергілікті жұмыс кадрларын пайдаланады. Ал теңгенің құнсыздануы толықтай дерлік импорттық құрал- жабдықтар мен техникаға негізделген отандық мұнай саласында сервистік қызмет көрсету жағдайын одан әрі қиындатып жіберді.

Тарифтер ұзақ жылдар бойы өзгермегендіктен, шешуін күткен мәселелер қордалана түсуде. Осы саладағы орташа жалақы 2011 жылдан бастап 31 пайыз, жанар-жағармай бағасы 25 пайыз, азық-түлік өнімдері 21 пайыз, өндірістік бағалар 28 пайыз, ал доллар бағамы 22 пайыз өсті.

Нәтижесінде, мұнай саласында қызмет көрсететін компаниялар бағалардың өсуіне және тарифтердің төмендеуіне байланысты даму және жаңғырту үшін өз капиталдарын жинай алмай, толығымен шығынға батты. Мұндай жағдайда қызметкерлерге қолайлы әлеуметтік жағдай жасау қиындайтыны сөзсіз.

«Ұлттық валюта бағамының өзгеруіне байланысты, біз барлық мұнай және газ компанияларының басшыларынан жергілікті жер қойнауын пайдаланушы ұсынатын жұмыстар мен қызметтерге тиісті тарифтерді қайта есептеуді және келешекте инфляция коэффициентін ескеруді сұраймыз», - деді өңір басшысы.

Бұған қоса, үстіміздегі жылдың сәуір айында барлық мұнай және газ өндіретін компаниялар басшыларының қатысуымен облыс әкімі жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің арнайы отырысы өтпек. Осы отырыста Қызылорда облысының мұнай және газ жобаларында қазақстандық және жергілікті үлесті арттыру мәселесі талқыланады.

Соңғы жаңалықтар