Ондай да тариф бар — «Бәйтерек» басшысы интернетке қанша төлейтінін айтты

АСТАНА. KAZINFORM — «Бәйтерек» холдингінің» басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин ұялы байланыс пен интернетке ай сайын неше теңге төлеп жүргенін айтты.

интернет
Фото: Freepik

— Мен де ұялы телефон қолданамын. Ұялы байланыс операторлары маған тарифтің қымбаттайтыны туралы хабарлама жіберген жоқ. Интернетпен қосқанда ай сайын 3900 теңге төлеймін. Әзірге тариф қымбаттайтыны туралы хабарлама келген жоқ. Осындай тариф бар, — деді Рустам Қарағойшин Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ол елдегі инфляцияға қарамастан холдинг тұтынатын қызметтердің ешбірі күрт қымбаттамағанын атап өтті. 

— Біздің холдинг тұтынатын қызметтердің бәрі негізінен арендалық қызметтер. Сондықтан бағаның соншалық бір күрт өсіп жатқанын көріп отырған жоқпыз. Жеткізушілер тендерден лот ұтып қызмет көрсетеді. Олардың көбі нарықта талайдан бері жұмыс істеп келеді. Біз кеңселерді де жалдап пайдаланамыз. Бұл жерде де күрт өсім көріп отырған жоқпыз, — деді холдинг басшысы.

Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Altel, Tele2, Beeline компанияларының тариф саясатын «сөз байласу» фактісіне тексеруді сұраған еді.

Соңғы жаңалықтар