Өңдеу өнеркәсібі неге баяулады
Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов үш өңірде қайта өңдеу саласына тартылған инвестицияның көлемі былтырғы көрсеткіштен түсіп кеткенін айтты. Олқылықтың себебі арнайы жиында талқыланбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл бірқатар өңірде салаға тартылатын инвестиция көлемі төмендеп кеткен. Сыртқы істер және Өнеркәсіп министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, секторға инвестициялар тарту жұмысын күшейтіп, жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу қажет. Бұл мәселені біз алдағы сенбі күні Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі Республикалық штаб отырысында мұқият, жан-жақты қараймыз. Өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту көлемі төмендеп кеткен әрбір өңірдің проблемасын тыңдаймыз. Әкімдер оларды шешудің нақты жолдарын ұсыну керек», - деді Үкімет басшысы.
Өңдеу саласының өрісі тарылған аймақтың бірі – Ақмола облысы. Нақтырақ айтсақ, тартылған инвестиция көлемі былтырғыдан айтарлықтай азайған. Өңір басшысы Марат Ахметжанов қағаздағы сандар төмендеу көрсеткенімен, инвестиция тарту жұмыстары нашарламағанын айтады. Былтыр бірнеше ірі жоба қарқынды жүріп, биыл аяқталған. Сол жобаларға тартылған инвестиция былтырғы жылдың көрсеткішін биылғыдан жоғары етіп көрсетіп тұрса керек.
«2023 жылдың 8 айында өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 28,7 млрд теңге болды. Төмендеу 2022 жылы құны 105 млрд теңге болатын алтын өндіру фабрикасы, құны 27 млрд теңге болатын кірпіш зауыты және құны 15 млрд теңге болатын темірбетон шығаратын зауыт сияқты ірі жобалардың аяқталуымен байланысты», - деді ол.
Әкімнің сөзінше, аймақта жалпы инвестициялаудың оң серпіні байқалып отыр – 8 айда 443,1 млрд теңге тартылған, яғни 27,6 пайыз өсім бар.
«2023 жылы өңдеу өнеркәсібінің пулына 40,5 млрд теңгенің 9 жобасы енгізілді. Оның ішінде 28 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылды. 12,5 млрд теңгенің қалған бес жобасы жыл аяғына дейін іске қосылады. Сондай-ақ, іске асыру және пысықтау сатысында бірқатар ірі жобалар бар. Олар: «Unicorn Holdings Limited» компаниясының 65 млрд теңгелік жобасы, Big Farm компаниясының 68,6 млрд теңгелік жобасы, Qazaq Diamonds LTD компаниясының 11 млрд теңгелік жобасы, Sareco компаниясының 19,4 млрд теңгелік жобасы, «Целингормаш» компаниясының 2,3 млрд теңгелік жобасы.
Өңдеу өнеркәсібі жобаларының пулына 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 499 млрд теңгенің 63 жобасы қосылды. Жалпы, өңдеу өнеркәсібінде 805 кәсіпорын жұмыс істейді. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі өңдеу саласының үлесі 78,8 пайызға жетті. Жалпы өңірлік өнімдегі үлесі – 27,7 пайыз», - деді Марат Ахметжанов.
Ал Ақтөбе облысында өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі бірден 18 пайыз төмендеген. Аймақ әкімі Асхат Шахаров саладағы көрсеткіштердің төмендеуін кәсіпорындардағы жөндеу жұмыстарымен байланыстырды.
«Ақтөбе облысында өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі 40,5 пайыз болып отыр. Төмендеу себебіне келсек, металлургия саласында өндіріс 368,8 млрд теңге, яғни былтырғымен салыстырғанда 150,9 млрд теңге төмен болып шықты. Ең негізгі себеп – экологиялық меморандум аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының пештерін жөндеу жұмыстары және Ақтөбе рельс зауытындағы жаңғырту жұмыстары. Жаңғырту жұмыстарынан кейін рельс өндірісі жыл аяғына дейін 1,4 есе артып, қосымша өсім тіркеледі», - дейді Асхат Шахаров.
Облыс басшысы химия өнеркәсібіндегі төмендеуді «Ақтөбе хром қосылыстары» зауытының өніміне сұраныстың азаюымен байланыстырды.
«Бұл логистикалық тізбектердің өзгеруіне байланысты болды. Бүгінгі таңда аталмыш зауыттың жағдайы тұрақты, жаңа нарықтар іздеп жатыр. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібін бұдан әрі дамыту үшін облыс бойынша 2027 жылға қарай 9 мыңға дейін жұмыс орнын ашатын 49 инвестициялық жоба қолға алынбақ. Оларды іске асыру сатылары тұрақты бақылауда. Аталмыш жобалар уақтылы іске асса, өндіріс көлемі 1,5 есе ұлғайып, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 40-тан 60 пайызға жетеді», - деді әкім.
Ұлытау облысында да дәл Ақтөбе облысындағыдай жағдай қалыптасқан. Мұнда да өндіріс көлемі 18 пайыз азайған. Әкім Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған мыс балқыту зауытындағы кері тенденцияны машина жасау және химия өнеркәсібінің көлемі арқылы жабуға болатынын айтады.
«Қаңтар-тамыз айларының арасында облыстағы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 18 пайыз төмендеп, 582 млрд теңге болды. Оның 86 пайызы Жезқазған мыс балқыту зауытына тиесілі. Көрсеткіштің төмендеу себебі 1 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында аталған зауытта кен-термиялық пештің жөндеу жұмыстары жүргеніне байланысты болды. Қазіргі таңда зауыт жобалық қуатына қайта шықты.
Өңдеу өнеркәсібінің машина жасау және химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру салаларында резервтер бар. Машина жасау саласы 16 пайызға, химия өнеркәсібінің өндірісі 5 пайызға артты. Жыл аяғына дейін 10 және 11,8 пайыз деңгейінде болады.
Қолданыстағы кәсіпорындардың өндірісін кеңейту, жаңа кәсіпорындарды өндіріс қуатына шығару арқылы 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлемі 852 млрд теңге деңгейінде болады деген жоспар бар. Бұл – 2022 жылдың көрсеткішінен 1 пайыз жоғары», - деді ол.

Биыл Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұмыстары аяқталады. Әлихан Смайылов әкімдер мен министрлерге осы мәселені де ескеруді тапсырды.
«Жол картасында тоқыма өндірістерін құру кезінде инвестициялық шығындарды өтеу, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдау шаралары көзделеді. Жалпы, өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыттар мен міндеттер белгіленді. Енді оларды белсенді түрде іске асыру қажет», - дейді Премьер-Министр.
Үкіметтің мәліметі бойынша, өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 810 млрд теңге болған. Әсіресе, металлургия өнеркәсібі мен машина жасау саласына, азық-түлік өндірісіне инвестиция жақсы салынған. Бір қызығы, металлургия саласына тартылған инвестиция артқанымен, металл өңдеу көрсеткіштері төмендеп кеткен.
«Металлургия саласында төрт пайыздан астам (4,3%) төмендеу байқалады. Бұған металлургия зауыттарындағы негізгі пештерді жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары әсер етті. Алайда индикатордың динамикасы қалпына түсіп келе жатыр», - деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Әлихан Смайылов сала басшылары мен әкімдерге жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын компанияларды қолдауды тапсырды.