Өңдеуші өнеркәсіп секторында шетелдік инвестициялар тарту деңгейі былтырғы межеде сақталып отыр

Министр баяндама барысында Мемлекет басшысының өткен жылдар ішінде елімізге инвестициялар тартуға ерекше назар аударып келгенін жеткізді. Нәтижесінде бірқатар оң көрсеткіштерге қол жетті: 2014 жылы Қазақстан әлемдегі тікелей шетелдік инвестициялар тартылатын ТОП-30 елдер қатарына енсе, транзиттік экономика елдері арасында осы көрсеткіште 2-і орын, теңізге ашық жолы жоқ елдер арасында 1-і орынға көтерілген. Сонымен қатар, өңдеуші өнеркәсіп секторына тікелей шетелдік инвестициялар ағыны былтырғы жылы бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда 2 есеге артқан.
«Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестициялардың төмендеуі, олардың дамушы елдерден дамыған елдер нарықтарына қарай кетуі орын алып отыр. Әрине, бұл Қазақстанға да әсер етті. Мәселен, тау-кен өндірісі секторында тікелей шетелдік инвестициялар 40 пайызға, сауда саласына 38 пайызға төмендеді. Геологиялық барлау секторына да 30 пайызға азайды. Ал өңдеуші өнеркәсіп секторы былтырғы жылдың деңгейінде сақталып отыр. Бұл белгілі бір мығымдықты білдіреді», - деді Ә. Исекешев.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда инвестициялар тарту мәселесі кешенді түрде зерделеніп, бұл бағытта Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы елдерімен тығыз жұмыстар атқарылған. Аталған ұйым мемлекеттері кедергілерді жою бойынша 12 ұсыныс жасаған. Осыған орай, түрлі ведомствоалар тарапынан заңнамалық актілер қабылданып, шетелдік жұмыс күшін тарту үдерістері қайта қаралған.