Өндірісі еселенген серіктестік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірдегі агрокешендердің арасында соңғы 15 жылдың көлемінде тасы өрге домалап келе жатқан «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-інде қолға алынып жатқан жұмыстар көңіл қуантады, деп жазады «Айқын».
None
None

Бұрнағы күні «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы ұйымдастырған пресс-тур барысында бұған біздің де көзіміз жетті. Расында, серіктестік тек қана асылтұқымды жылқы өндіріп қана қоймай, сүт-ет бағытындағы ірі қара, шошқа, үйрек өсіру мен бекіре тұқымды балық өндірісін қолға алып отыр. Серіктестікті өмірлік тәжірибесі бай Халит Базарәлиев басқарып келеді.

Луговой жылқы зауытына биыл 80 жыл. Алғаш әсерилерге ат дайындау орны ретінде ашылған зауыт кейін асылтұқымды жылқы өсіруді мықтап қолға алған. Дегенмен, сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау кезінде қиындық бұл шаруашылықты да айналып өтпеді. Зауытты ұстап тұрудың өзі қиын болды. Алайда кейінгі жылдары бұл шараушылықты қолға алған Халит Базарәлиев зауыттың жұмысын жандандырды. Жылқы зауытын аралап шыққан адамның көңілінде ұмытылмас сәттер қалатыны анық. Өйткені мұндағы табиғат сұлулығы, тазалық дегеніңіз бәрі бәрі қиып қолмен қойғандай әсер қалдырады. Тау етегін ала орналасқан зауыт аумағында неше түрлі жеміс ағаштары, гүлдеп тұнып тұр. Бір бос жер жоқ. Неге десеңіз зауыт аумағындағы бос жердің барлығына сәбіз егілген. Аса үлкен баптауды қажет ететін асылтұқымды жылқылардың асына қоспа ретінде дайындалатын сәбіз де өздерінде өсіріледі. Бүгінде зауытта 600 жылқы мен 120 бас асылтұқымды, таза қанды жылқылар өсірілуде. Жылқы зауытының бас ветеринарлық дәрігері Олег Спесивыйдың айтуынша, асыл­тұқымды жылқылар қатарында атақты Ақылтеке және ағылшын жылқылары бапталады екен. Ақылтеке тұқымы мұнда соңғы алпыс жылдың көлемінде бапталып келеді. Бүгінде зауытта әйгілі Абсенттің немерелері мен шөберелері өсіп өнуде. Ақылтеке тұқымының атақ-даңқы сонау Кеңес өкіметі тұсында асқақтап тұрды десек артық айтпағандық шығар. Зауыт аумағындағы 1960 жылы Римде өткен чемпионатта Олимпиада чемпионы атанып, үш дүркін чемпион атағын қорғай білген әйгілі Абсенттің еңселі ескерткіші - зауыттың беделін асқақтай түскендей. Тіпті жақын арада Ресейдің Краснодар қаласында өткен байқауда топ жарған зауыттың екі тұлпары да Абсенттің ұрпақтары екен. Ал ағылшын тұқымы Ресей, Германия, Ирландия, Франция мемлекеттерінен жеткізілген.

Биылғы жылы серіктестік  «ҚазАгро­Қаржы» АҚ-ы арқылы ауылшаруашылық техникаларын лизингке алып, қуаты сағатына 15 мың тонна жем шығаратын комбикорм зауытын ашты. Оның қажеттілігі зауыттағы мал басының өсуімен түсіндірілуде. Ал жем зауытының соңғы заманауи құрылғылармен жабдықталғаны көзге ұрып-ақ тұр. Мұнда бас-аяғы екі-ақ адам жұмыс жасайды. Барлығы автоматтандырылған. Ал зауытта 45 мың бас шошқа және 600 бас ірі қара малы бар. Мал басын арттыруда және оларды сапалы өніммен қамтамасыз етуде бұл бастама құптарлық іс болып тұр.

Жалпы, зауыт «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы көптеген шараларды қол­ға алып отыр. Соның бірі - бекіре тұ­қымдас балығын өндіру. Балық шаруа­шылығында балық пен икра өндіруде жаңа технологиялар енгізілген. Оны өндіру және ел аумағындағы көлдер мен өзендерде көбейту шаралары да қолға алынған. Бүгінде жабық бассейндерде бекіренің ленский және орыс түрлері мен үш гибрид түрі өндірілуде. Ал осындағы 76 бассейнде бас-аяғы 30 мың бас балық бар.

- Жұмыстың барлығы инкубациядан басталады. Одан кейін шабақтар көлемі мен салмағына қарай шағын бассейндерге жіберіледі. Одан әрі өсуіне қарай үлкен бассейндерге жіберіледі. Бір жылдық бекірелер 2-2,5 салмақ қосқанда Атыраудағы филиалға жіберіледі. Онда икра тастаған соң, жоғарыдағы процес қайталанады, - дейді балық цехының директоры Михаил Фоменко.

Ал Луговой жылқы зауытының директоры Халит Базарәлиев кешенді өндірістегі жұмыстың барлығын қалдықсыз жүргізуді қолға алып отырғандығын алға тартады. Яғни 12 мың гектардан бидай орылып, одан да қалдықсыз өнім өндіріледі. Тіпті базар на­рығынан төмен жем өндіріледі.  Сон­дай-ақ зауытта шошқа өндіріс қолға алынған болса, бүгінде шошқа қиынан метан мен азот тыңайтқышы өндіріліп, серіктестік­тің өз қажеттілігіне пайдаланылады. Сонымен қатар алдағы күндері ет өңдеу, ірі қара малын бордақылау кешеніне қойып, экспорттау шаралары да қолға алынбақ. Бұл қаржылық дағдарыс кезінде серіктестіктің жұмысы шайқалмайды дегенді білдірсе керек.

 

Соңғы жаңалықтар