«Өндіріске енгізілген және аудандастырылған ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік семинар-кеңес өтті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 4-і. ҚазАқпарат - Облыстық әкімдіктің кіші мәжіліс залында «Өндіріске енгізілген және аудандастырылған ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік семинар-кеңес өтті.
None
None

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің агрономдары, аудандық аумақтық инспекцияның тұқым инспекторлары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен аталған саланың ғалымдары қатысқан басқосуды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бағдат Әлиев жүргізді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Семинар-кеңесті ашқан Бағдат Байшалұлы еліміздің бірқатар өңірлерінде қуаңшылық салдарынан астықтың шығымы нашарлап, кейбір аймақтарда мүлде өспей қалғанын айта келе, бұл тұрғыда жетісулық диқандардың жағдайы жаман емес екендігіне тоқталды. Соңғы жылдардағы егіншіліктегі азды-көпті жетістіктерімізде облыс аумағында аудандастырылған ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын батыл қолданысқа енгізіп отырғанымыздың үлесі барлығын еске салды. Содан кейін негізгі мәселе бойынша хабарлама жасау үшін өзінің орынбасары Сейіткерім Қалтаевқа сөз берді.

Хабарламашының айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу кәсіпорындары, ғылыми-зерттеу институттары мен тауар өндірушілер арасындағы іскерлік байланыс соңғы жылдары барынша нығайған. Соның арқасында кейінгі бірер жылда ғана 105,0 мың гектарға интенсивті технология енгізіліп, дәнді дақылдар мен мақсарыны ылғал үнемдеу технологиясымен себу 45,0 мың гектарға жетіпті. Озық технологияларды қолданумен бірге сапалы сорттарды да өн¬діріске батыл енгізу, тұқым шаруашылығын жақсарту жолға қойылған. Мұнда сапалы тұқым сорттарының өнімділікті 20-30 пайызға арттыратыны ескеріліп отыр. Қазіргі кезде облысымызда 25 элиталық, 29 жоғары репродукциялық тұқым өндіретін шаруашылық жұмыс істейді. Бұдан басқа да осы бағытта атқарылып жатқан шаралар өз жемісін беріп отыр. Дегенмен, қол жеткізгенге тоқмейілсуге болмайды. Ізденіс пен өзара іскерлік байланысты одан ары нығайта беру қажеттігі тым өткір сезілуде.

Хабарламашыдан соң ғалымдар, мамандар өздерінің ізденістері жайлы баяндап, Алматы облысы жағдайында қандай тұқым сорттарын қолданғанның дұрыс болатындығы жайлы егжей-тегжейлі түсіндірді. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілікте тер төгіп, нәпақа тауып жүргендерге де, оларды сапалы әрі өнімді тұқымдармен қамтамасыз етуге тырысушыларға да пайдалы болған семинар-кеңесті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар