Өндірістік кәсіпорындар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жұмыс істеуге дайын
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қалалық департаментінің директоры Гүлназ Халықованың айтуынша, Алматыда Техникалық реттеу және метрология сұрақтары бойынша қалалық штаб құрылды. Осы штабта жергілікті кәсіпорындардың Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жұмыс істеу мәселелері қызу талқыланды. Кәсіпорын басшылары өз ұсыныстарын енгізді. Қалай болғанда да Кедендік одақ аясындағы жинақталған тәжірибелердің көмегі зор болмақ.
«Бүгінгі таңда Алматы қаласында өндірістік кәсіпорындардың саны 6 мыңнан асты. Бірақ ең бастысы жергілікті кәсіпорындар шығаратын өнімдерінің сапасына көп көңіл бөлуде. Қазір 1326 кәсіпорын сапа менеджменті жүйесін енгізді. Бұл жерде біздің министрліктің республика деңгейінде сапа саласына қатысты өткізіп жатқан байқаулары да өнімдердің сапасының артуына, кәсіпорындар арасында бәсекелестіктің жоғарылауына елеулі әсер етуде. «Алтын сапа» және «Қазақстанның ең үздік тауары» байқауы жыл сайын өткізіледі. 2013 жылдың қорытындысы бойынша бірқатар алматылық кәсіпорындар осы байқаулардың жеңімпазы атанды. Олардың барлығы өз тауарларын экспортқа шығарады», - деді өз сөзінде Гүлназ Халықова
Биыл да Алматы қаласында кәсіпорындар тарапынан байқауға қатысуға өтінімдер қабылдау жұмыстары басталды. Қазіргі таңда департамент қызметкерлері қала аудандарының әкімдіктерінде бизнесмендер арасында байқау шарттары бойынша семинарлар өткізуде.
Айта кетейік, «Алтын сапа» және «Қазақстанның ең үздік тауары» байқаулары Елбасының Жарлығымен 2006 жылы құрылған.