15:18, 12 Мамыр 2009 | GMT +5
Өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру жөніндегі карта мемлекетке бизнеспен бірлесіп дұрыс инвестициялық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді - Б. Сұлтанов
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов еліміздегі өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру жөніндегі Үкімет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы жайлы айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның пайымдауынша, осындай мақсатта әзірленіп жатқан карта ең алдымен мемлекетке бизнеспен бірлесіп дұрыс инвестициялық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, жеке сектордың жобаларын іске асыруды елдің инфрақұрылымымен және ресурстық әлеуетінің дамуымен өзара байланысын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Осы орайда министр атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, ең алдымен министрлік мүдделі мемлекеттік органдардың және өңірлер әкімдіктерінің қатысуымен елімізде іске асырылып жатқан ірі және маңызы бар инвестициялық жобаларды жүйелеген және олардың мемлекеттік перспективалық тізімін қалыптастырған. Сонымен қатар деректер жинаумен және аталған қаржы қоржынын қалыптастырумен қоса, «Инвестициялық қызметті жетілдіру жөніндегі үйлестіру жоспарының» жобасын әзірлеген. Жоспардың жобасында 4 бағыт бойынша шаралар жүйесі көзделген. Бірінші бағыт ? мемлекеттік маңызды инвестициялық жобалар қоржынын одан әрі дамыту. Екіншісі - инвестициялық қызметтің ресурстық теңгерімдігін қамтамасыз ету. Үшіншісі - инвестициялық жобалардың тиімді мониторингін ұйымдастыру және оларға қатысушылардың соңғы нәтижедегі жауапкершілігін көтеру. Ал төртінші бағыт барлық тетіктер өңделгеннен кейінгі жоспардың қорытынды кезеңін, яғни Қазақстандағы инвестициялық үдерістерді басқарудың мемлекеттік жүйесін құру болып табылады. «Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған үйлестіру жоспары өзінің іс-шаралары мен соңғы нәтижелерінің орындалуына жауапты мерзімдерді және жауапты қатысушыларды айқындайтын қадамдық құрал болып табылады. Бүгінгі күнге дейін мұндай жүйе әлі құрылмағандықтан, бұл құжат «өміршең» және икемді болуы қажет.
«Осы шараларды нақты анықтауды, ол инвестициялық үдеріске тартылған барлық қатысушылармен пысықталғаннан кейін экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен бекіту көзделіп отыр», - деді министр.