Өндірістік қарасорадан есірткі өндіріп жүрмей ме? — АШМ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде техникалық қарасора өсіруге 4 лицензия берілді. «Бұндай қарасорадан есірткі өндіру қаупі бар ма?» деген сауалға ҚР АШМ басшылығы жауап берді.

— Өсірілгелі отырған қарасора — техникалық өсімдік. Бүгінгі таңда ҚР ІІМ 4 лицензия берді, — деді ол Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Бұл сауалға жауапты АШМ вице-министрі Азат Сұлтанов толықтырды.
— Қазақстан аумағында өсіруге рұқсат берілетін қарасоралардың сұрпы бақылауда болады. Бірінші кезекте есірткі жасалатын және медициналық сұрыптардың өсірілуіне рұқсат берілмейді. Бұл техникалық қара сора, оның құрамында ТГК (тетрагидроканнабинол) өте төмен не мүлде жоқ. Екіншіден, өндірістік кезеңде сот сараптамасы тарапынан тексеру жүргізіледі. Үшіншіден, қайта өңдеуге түскен кезде тағы да сот сараптамасы жасалады. Осының арқасында бірде-бір грамм есірткі өндіріске түспейді. Бұндай қарасораны өсіру кезінде де ІІМ тарапынан бақылау болады. Ал өсімдік құрамынан есірткі белгілері байқалса, ол бірден жойылатын болады. Осылайша мемлекет тарапынана 4 кезеңдік бақылау жүргізіледі. Сондықтан қауіп жоқ, — деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Мәжілісте қарасораны өндірістік мақсатта пайдалануға рұқсат беретін заң жобасы мақұлданғанын жазған едік.