Өндірістік жарақат алған екібастұздық жұмыс берушіден 5 млн теңге өндіріп алды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұз қаласының тұрғыны «Богатырь Көмір» ЖШС-де еңбек шарты бойынша жол жөндеуші болып жұмыс істеген. 

Өндірістік жарақат алған екібастұздық жұмыс берушіден 5 млн теңге өндіріп алды
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

2012 жылдың көктемінде қызметтік міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғаға ұшыраған. Рельсті кесу кезінде пайда болған металл жарықшағы көзіне кіріп кеткен, соның салдарынан ол көрмей қалған.

— Тергеу жұмыс берушінің 100% кінәсін және қызметкердің толық кінәсіздігін анықтады. Ер адамға қайта тексеру мерзімінсіз ІІІ топтағы мүгедектік тағайындалды. Сондай-ақ 55% кәсіптік қабілетін және 50% жалпы еңбекке қабілетін жоғалту анықталды. Жәбірленушінің өтінішіне татуластыру комиссиясы моральдық зиянды өтеу өтемақы сомасына қосылмағаны туралы жауап берген. Жәбірленуші кездейсоқ жағдай оның өмір сүру және жұмыс істеу қабілетін айтарлықтай шектеп, ұзақ емделуді қажет ететінін айтып, ЖШС-дан моральдық шығынды өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген, — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырып, ЖШС-дан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 5 млн теңге өндірді.

Компания оқиғаның болғанына көп уақыт өткенін алға тартып, өтемақы мөлшерін азайту қажеттігін талап етіп, апелляциялық сатыға шағым түсірген.

Азаматтық кодекстің 952-бабының 2-тармағына сәйкес, моральдық зиянды өтеу мөлшерін айқындау кезінде жәбірленушінің субъективті бағасы, зардаптардың ауырлығы және назар аударуға тұрарлық өзге де мән-жайлар ескеріледі.

Павлодар облыстық соты іс материалдарын зерделей келе, өтемақы мөлшері негізділік пен әділдік өлшемшарттарына сәйкес келеді деп танып, бірінші сатыдағы соттың шешімін негізді деп қалдырды.

Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Қаулы заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, Екібастұзда дауылдан зардап шеккен әйелді құтқару мүмкін болмады

Соңғы жаңалықтар