Өнерге қайтып келетінімді білген жоқпын — Сырым Исабаев

АСТАНА. KAZINFORM — Көпшілік көзінен талай жыл тасада жүрсе де, Сырым Исабаевты тыңдармандары әрдайым еске алып тұратын. Ал жанкүйерлерінің сағынышын басу үшін сахнаға қайта оралған әнші «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болып, жаңалықтарын бөлісті.

Сырым Исабаев
Фото: Cырым Исабаев\instagram.com

— Алғаш рет өнер саласына келдім. Ән айттық. Бәрі әдемі болды. Бірақ мамандық таңдағанда мен бухгалтерлік есеп және аудит деген мамандықты оқып бітіргенмін. Ән айтып, халықтың көңілінен шығып жатқаннан кейін бұл салам қалды. Бірақ өнер жолы ауыр жол деп бекер айтпайды ғой. Әндер саябырсып, стиль өзгеріп кетті. Сол кезде мен осы мамандығымды да қалдырып қоймайыншы дедім. Сол бойынша жұмыс істеп, дамытып, кәсіпті де қолға алып істедік, — дейді Сырым Исабаев.

Араға біршама уақыт салып, әншінің өнерге қайта бет бұруына сеп болған — тыңдармандардың ыстық ықыласы екен.

— Мен тағдырға қатты сенетін адаммын. Өнерге қайтып келетінімді де білген жоқпын. Бірақ халықтың ыстық ықыласы, сағынышы сезіліп тұрады. Жүрген жерінде «неге ән айтпай кеттің? Дауысың жақсы еді ғой» деген сөздер де адамды тебірентіп, шабыт береді. Осы өнерге қайта келуімнің бір себебі — мені тыңдап өскен қазіргі жастар. Солардың арқасы деп айта аламын. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп бекер айтылмаған. Сол жігіттер қазір қасымда жанашыр болып, көмектесіп жүр. Алдағы жоспарым — өзіме ұжым құрып алу. Әзірге ұжымға 3 жігіт қосылды. Бірақ одан бөлек те жанашыр бауырларым бар. Солардың бәрі бағыт-бағдар беріп жатыр, — дейді өнерпаз.

Студия қонағы жақында хитке айналған «Сол бір сезім» әнінің қалай туғанын айтып берді.

— Тағдыр дегеннен шығады, «Сол бір сезім» деген ән ойламаған жерден келді. Ковер жазып жүрген кезде Шымкент қаласында той-томалаққа қатысып жүрдік. Сол жерде Нұрбол деген жас асаба менің нөмірімді жазып алып, кейін 3-4 әнді жіберіпті. Тыңдасам, мағынасы, айтылу ырғағы өзіме келетіндей болып сезілді. Сол әнді сатып алып, орындап шықсам, 1 аптада халықты елең еткізіп, көңілінен шыға бастады. Кейін сол әннің авторы Нұрсәт маған хабарласып: «Өз әнім мұншалықты жақсы шықты деп ойламадым. Осы әннің жатқанына 1,5 жыл болды. Түрлі асабаларға ұсынып, осыны әншілерге берші деп айтып жүрдім. Қанша адам тыңдады. Бірақ осы ән сізді күтіп жатқандай болды ғой» деді. Бірақ әнді де біз өзімізге алғаннан кейін өңдейміз. Өзіміздің дауысымызға келтіреміз. Халықтың есінде қалатындай тұстарын қосамыз. Бәрі өзінен өзі шығып жатқан дүние емес. Бәрі — еңбек. Халық бізді сонша сағынып, жақсы көргеннен кейін, біз де соған жауап ретінде қолдан келгенше жақсы әнмен қуантуға тырысамыз, — дейді ол.

Еске сала кетейік, бірер күн бұрын Hulan-Aru атымен танылған Аружан Бекболат өнер жолы, образ таңдауы және әншілік тәжірибесі туралы эксклюзив сұхбат берді. 

Соңғы жаңалықтар