12:45, 30 Маусым 2010 | GMT +5
Өнеркәсіптік компаниялар электр энергиясын үнемдейтін технологияларды пайдалануы керек
АСТАНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Өнеркәсіптік компаниялар электр энергиясын үнемдейтін технологияларды пайдалануы керек.

Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Минералды ресурстар және металлургия бойынша бірінші қазақстандық халықаралық конгресте айтты.
«Отандық 10 ірі металлургиялық компания Қазақстанда өндірілетін барша электр энергияның 30 пайызын тұтынады. Сондықтан саладағы электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша жетістіктер энергия жүйесінде айтарлықтай маңызға ие»,- деді Президент.
«Электр энергиясын үнемдеп пайдалану дегеніміз, ол - жаңа технологиялар»,- деді Елбасы. Осы тұрғыда Н. Назарбаев электр энергиясын пайдалану осылай жалғаса берсе, алысқа бару қиынға түсетінін ескертіп өтті.
«Атап айтқанда, жаңа технологияларды пайдаланып, энергия үнемдейтін өндірістерге бетбұрыс жасау қажет»,- деп қадап айтты Мемлекет басшысы.