Өнеркәсіп министрлігі 3 жылда 3 жоғары технологиялық кәсіпорынды іске қосуы керек — Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бастамалар бойынша бірқатар нақты тапсырма жүктеді. 

Өнеркәсіп министрлігі 3 жылда 3 жоғары технологиялық кәсіпорынды іске қосуы керек — Бектенов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті терең өңделген өнім шығаруды, әсіресе сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласында өнім өндіруді басым міндет ретінде айқындап берді. Өнеркәсіп министрлігі алдағы үш жылда аталған бағыт бойынша жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуды қамтамасыз ету қажет, — деді ол Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Бектенов ведомствоға барлық геологиялық ақпаратты цифрландыру және жүйеге келтіруді тапсырды.

— Президент цифрлық құралдарды қолдана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасау үшін ауқымды аэро-геофизикалық зерттеулер жүргізу қажеттігіне баса назар аударды. Өнеркәсіп министрлігі аталған жұмыстарды жүргізу үшін жол карталарын әзірлеп, жасанды интеллектіні енгізу есебінен барлық геологиялық ақпаратты цифрландыру және жүйеге келтіру бойынша қажетті шаралар қабылдасын. Сонымен қатар Өнеркәсіп министрлігі бір жыл ішінде Ұлттық геологиялық қызметтің базасында озық халықаралық стандарттарға сай келетін сертификатталған зертхана құруы керек. Бұдан бөлек, осы жылдың соңына дейін геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы заңнамалық түзетулердің қабылдануын қамтамасыз еткен жөн, — деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр елдің экономика блогына 10 нақты тапсырма жүктеген еді.

Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі шұғыл атқаруы тиіс міндеттерді атаған еді.

Соңғы жаңалықтар