Өнеркәсіп пен құрылыста 75 жаңа мамандық пайда болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс салаларында технологиялық өзгерістерге байланысты 75 жаңа мамандық анықталды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында айтты.

Орталық Азия елдерінде қандай мамандықтар сұранысқа ие
Фото: Qarmet

Министрдің айтуынша, еңбек нарығындағы сұраныстың құрылымы да өзгеріп келеді. Цифрландыру, автоматтандыру және роботтандыру жаңа дағдыларды қажет етеді.

– Осыған байланысты министрлікке қатысты салалар бойынша Жаңа мамандықтар атласында 75 жаңа мамандық айқындалды. Оның ішінде 47 мамандық – тау-кен металлургияда, 11-і – машина жасауда және 17 мамандық – құрылыс саласында, – деді Өнеркәсіп министрі.

Сондай-ақ, жаңа технологиялық өзгерістер әсерінен тағы 41 мамандықтың мазмұны өзгертіліп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс салаларына қазірдің өзінде 36,7 мың кадр қажет. Оның ішінде 16,2 мың маман құрылыс саласына, тағы 14,4 мыңы өңдеу өнеркәсібіне керек.