Өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторларына 30-70% үстемеақы қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы кадр тапшылығын азайту үшін инспекторлардың жалақысына 30-дан 70 пайызға дейін үстемеақы енгізілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкіметте баяндады.
Министрдің айтуынша, қазір өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы инспекторлар жеткіліксіз.
– Мемлекет басшысының және өзіңіздің қолдауыңызбен 1 шілдеден бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторларына 30-дан 70 пайызға дейін үстемеақы белгіленді. Қабылданған шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді деп жоспарланған, – деді Ш.Әрінов.
Сонымен бірге, мамандарды даярлау шеңберінде былтыр кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби стандарттары жаңартылды. Сол арқылы персоналдың біліктілігіне қойылатын талаптар күшейтілді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті дайындау шеңберінде еліміздің техникалық жоғары оқу орындарымен «Өнеркәсіптік қауіпсіздік» пәнін енгізу бойынша меморандумдар жасалды.
– Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған саясатты іске асыруды жалғастыра береміз, – деді ТЖ министрі.
Айта кетейік, өткен жылмен салыстырғанда, биыл кәсіпорындарға жүргізілген тексерулер саны 2,5 есеге артқан. Нәтижесінде 10 мыңнан астам өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзушылығы анықталды. Әртүрлі санаттағы 523 қызметкер әкімшілік жауапқа тартылды.
Бұған дейін министр жұмысшылар қаза тапқан «Востокцветмет» пен «Қазцинктегі» апат бойынша тергеу жүріп жатқанын айтқан еді.