Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық цифрлық экожүйесі құрылады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың 1 қаңтарында Отандық тауар өндірушілерінің тізілімі пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

Экожүйе
Фото: «Бурабай» МҰТП

— Өңдеу өнеркәсібі саласыны цифрландыру негізгі екі бағыт бойынша іске асырылуда. Біріншісі — өндірістің цифрлық трансформациясы. Бұл бағыт өндіріске тікелей цифрлық шешімдерді енгізуді қамтиды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша цифрлық технологияларды енгізген кәсіпорындардың үлесі 12,9 пайыздан 19 пайызға артып, саны 390-нан 1073-ке дейін өсті. Киберқауіпсіздік құралдары 246 кәсіпорында, Сloud технологиялары 142, жасанды интеллект шешімдері 72 кәсіпорында енгізілді. Ал өнеркәсіптік роботтар 48 өндірісте жұмыс істеуде, — деді ол.

Министрдің мәліметінше, тау-кен металлургия саласында роботтардың виртуалды көшірмелері, өндіріс алаңдарынан жиналған үлкен деректерді өңдеу, компьютерлік көру технологиялары және роботтанған жабдықтар қолданылады.
Химия өнеркәсібінде ресурстарды жоспарлау жүйелері, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдары белсенді енгізіліп жатыр.

Машина жасауда виртуалды оқыту жүйелері, бөлшектерді 3D-сканерлеу және жасанды интеллект технологиялары қолданылады.

— Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасанды интеллект технологияларын енгізу Жол картасы әзірленді. Осы Жол карта аясында «СарыарқаАвтоПром», «Қазфосфат», «Qarmet», «Қазцинк», ERG сияқты ірі кәсіпорындарда 41 жоба жүзеге асырылуда, — деді Ерсайын Нағыспаев.

Министр ццифрландырудың екінші бағыты мемлекеттік реттеу мен қолдау құралдарын қамтитынын айтты. 

— Ол мемлекеттік қолдау шараларын автоматтандыру мен жүйелеуді, мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ бизнесті қолайлы цифрлық сервистермен қамтамасыз етуді көздейді. Осы мақсатта Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық цифрлық экожүйесі құрылады. Жүйенің негізгі компоненттері кезеңмен іске қосылуда, — деді ол.

Министр қазірде жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қызметін талдауға мүмкіндік беретін Tizilim ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

— Онда 6 мыңнан астам тапсырыс беруші мен 900 отандық өнім өндіруші тіркелген. Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін Отандық тауар өндірушілерінің тізілімі пайдалануға беріледі, — деді Ерсайын Нағыспаев.

Айта кетейік, биыл 10 айда өңдеу өнеркәсібінде 24 трлн теңгенің өнімі шығарылды.

Соңғы жаңалықтар