Өңірде атқарылған ауқымды істерде «нұротандықтардың» үлесі мол - БҚО әкімі

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер мен партияның сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысы талқыланған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында облыстық филиал төрағасы, өңір басшысы Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, 2017 жыл Батыс Қазақстан облысы үшін де сәтті болды. Конституциялық реформа өкіметтің билік тармақтарының рөлін күшейтті.
Экономикалық жаңғыртуда да өрге басушылық бар. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының қабылдануы экономикаға оң ықпал етті. Осы орайда «нұротандықтар» салынып жатқан құрылыс нысандарында болып, мониторинг жүргізді, ескертпе, ұсыныстарын берді. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында биыл 30 млрд теңге бөлінді, 1700 жаңа жұмыс орны ашылып, жолдар мен тұрғын үйлер салынуда. Тәуелсіздік мейрамына орай 95 нысан пайдалануға берілді. Тұрғын үйлерді іске қосу жаңа жыл алдында және одан кейін де жалғасады. Міне, «Нұр Отан» партиясының мүшелері осы жұмыстардың барлығын бақылап отырды.
Батысқазақстандық кәсіпкерлер «Рухани жаңғыру», әсіресе, «Туған жер» бағдарламасын қызу қолдап, әлеуметтік маңызы зор мәдени жобаларды ұсынды.
«Алдағы жылы да осындай ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Мұның бәрі - Елбасы жүргізіп отырған салиқалы саясат пен ел бірлігінің жемісі. Мемлекет басшысы партияны жаңғырту міндетін де қойды. Сондықтан 2018 жылы жаңа тұрпатта жұмыс жасайтын боламыз. Басты мақсат - халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына қосылуы үшін жұмыла қызмет ету», деді Алтай Көлгінов.
Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің мәлім еткеніндей, Елбасы Жолдауына сәйкес облыста партия мүшелері 233 мың адамды қамтыған 2700-ден астам түсінік шараларын өткізді. Басқосуда сондай-ақ партия қалалық және аудандық филиалдары төрағаларының есептері де тыңдалды.