11:41, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Өңірде инвестициялық жобалар қолға алынып отыр
ОРАЛ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Зеленов ауданында бірнеше инвестициялық жобалар қолға алынып отыр.

Аудан әкімі Ғайса Қапақовтың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Белес ауылында инвестиция сомасы 1 млрд. теңгені құрайтын «Агротраст» ЖШС күшімен «Бюллер» фирмасының диірмен кешені салынатын болса, Янайкинде 4,5 млрд. теңгеге «Жером» ЖШС мал бордақылау кешенін тұрғызбақ. Щапов ауылында «Қадыралиев» жеке кәсіпкерлігі 518 млн. теңгелік шошқа фермасын, «Бисекеш Б» ЖК 140 млн. теңгеге ешкі сүтін өңдейтін шағын зауытты қолға алса, Көшімде «Ликорик Казахстан» ЖШС 276 млн. теңгеге мия тамырын өңдейтін зауытты жолға қоймақ.
Новенький ауылында «Каркула» шаруа қожалығы 560 млн. теңгеге сүтті өндіріп, өңдейтін сүтті-тауар фирмасын, «Ақас» шаруа қожалығы 180 млн. теңгеге құс фабрикасын өркендетпек. Махамбет ауылында «Беркалиев» ЖК 81 млн. теңгеге әжетхана қағазын шығаратын зауыт (шикізаты сабан, пішен, қамыс), «Болашақ» ШҚ 50 млн. теңгеге жылыжай кешенін іске қоспақ. Абайда «Пэт Форм» ШҚ 80 млн. теңгеге демалыс аймағы мен тоған шаруашылығын ұйымдастырмақ. Ауданда басқа да инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.