20:05, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Өңірде мемлекеттік бағдарламаға сәйкес республикалық бюджет есебінен биыл 34,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ
ОРАЛ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламаға сәйкес республикалық бюджет есебінен биыл 34,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің сөзіне қарағанда, өткен жылы мемлекеттік қаражат есебінен 51,2 мың шаршы метр тұрғын үй (657 пәтер) тапсырылған болатын. Республикалық бюджет есебінен 2009 жылғы бағдарламаны мерзімінен бұрын аяқтау қамтамасыз етілді. Өткен жылы Орал қаласындағы іске қосылуы 2009 жылғы 1 жартыжылдықта жоспарланған төрт көп пәтерлі тұрғын үйлер және Ақсай қаласындағы 34 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталды (бұл -30 мың шаршы метр).
Сонымен қатар биылғы жылы балалар үйінде тәрбиеленген жастар, мүгедектер және тұрғындардың аз қамтылған бөлігі үшін 200 пәтерлік тұрғын үйді салып, тапсыру үшін қаражат бөлінді. Бұдан басқа «ХХІ ғасыр үй құрылысы комбинаты» бағдарламасы аясында жаңа технологияларды қолдану арқылы бұзылуға жататын апатты үйлерде тұрып жатқан отбасылар үшін Орал қаласында 2009 жылы іске қосылатын 48 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталды. Биік қабатты үйлермен қатар жеке құрылыс үшін де инженерлік желілер мен коммуникацияларды дамыту жұмыстары жалғастырылуда.