Өңірде мия тамырын өңдейтін зауыт іске қосылды

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, өңірде 271 млрд. теңгеге 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде 90 млрд. теңге тұратын тоғыз жоба республикалық индустрияландыру картасына енгізілген болатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл 3,3 млрд. теңгенің 92 жобасы өз мәресіне жетпек. Құны 558 млн. теңге тұратын аталмыш зауыт - соның бірі. Болашақта оның аумағынан фармацевтикалық фабрика салынып, құрамына мия тамыры қосындысы енетін түрлі дәрі-дәрмек, басқа да тауарлар өндірілетін болады.
Зауыт директоры Мұрат Төлебаевтың сөзіне қарағанда, сапалы дайын өнім экспортқа да шығарылады. Күні бүгін әлемде жылына 100 мың тонна мия тамыры өңделетін болса, соның 3 пайызы батысқазақстандық зауыттың үлесіне тимек. Мұнда 60 тұрақты, 100-дей маусымдық жұмыс орны ашылмақ.