Өңірде педагог мамандар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінбек - БҚО
Бұл туралы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен облыстық білім басқармасы арасында меморандумға қол қою кезінде айтылды. Меморандумда Елбасы Жолдауында айтылған және 2011-2020 жылға арналған мемлекеттік білім бағдарламасына орай болашақ ұстаздарды даярлау сапасы, мектептермен байланысты жақсарту, кәсіптік және техникалық білім беруді жетілдіруге қатысты жайттар қамтылған.
Университет ректоры Тұяқбай Зейітов пен облыстық білім басқармасының бастығы Марат Тоқжанов осы құжатқа қол қоя отырып, өз ойларымен бөлісті.
Таяуда БҚО-ға жұмыс сапарымен келіп, білім саласы қызметкерлері алдында сөз алған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ұстаз мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлу қажеттігіне тоқталған болатын. Оған қоса болашақ мамандарды даярлау мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Өйткені ұстазы жақсы болса, оқушының да білім деңгейі жоғары болатыны тәжірибеден белгілі. Ал университет қабырғасынан шыққан маманның біліктілігі мектептің абыройын арттырары сөзсіз.
М.Тоқжановтың пікірінше, ұстаздың мәртебесін көтеру оның еңбекақысын арттырумен шектелмейді, ол сол ақыға лайық еңбек етуі тиіс. Ұстаз - бүгінгі күннің сұранысы. Оқушылардың білімін бағалай білу, оны келешекте қандай салаға бейімдеу мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан ЖОО-да өздері даярлап жүрген мамандардың еңбекке араласып ғана қоймай, өз ісінің маманы болуына көп мән берілуі тиіс. Білімді оқушы қай жерде, қай елде жүрсе де, өзіне сенімді болуы алдымен ұстазының берген біліміне байланысты.
Бұл тұрғыда университет мамандары да өз ойларымен бөлісті. Атап айтқанда, БҚМУ-дың жанынан құрылған Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аймақтық ресурстық орталығының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әлия Мұханбетжанова Жолдауда айтылған оқытудың 12 жылдық моделіне, шағын мектептердегі топтық оқытудың нәтижесіне тоқталды.
Жолдауда «...үш тілді білу әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігі» туралы айтылған. Осыған орай сөз алған «Ағылшын тілін оқытудың теориясы мен практикасы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Алма Әбуханова мектеп пәндерін шет тілде оқыту жайын қозғады. Бұдан басқа оқытушылар Айгүл Медешова, Гүлжахан Қайсағалиева білім ордасы мен мектептің байланысын жақсартудағы өз тәжірибелерімен бөлісті.