Өңірде суармалы жерлер толық пайдаланылмай отыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде 55,8 мың гектар суармалы жер болғанымен, оның тек 5,05 мың гектары (9 %-ы) ғана кәдеге жаратылуда. Айталық, Зеленов ауданында 20,6 мың гектардың 18,1 мыңы, Теректіде 13,9 мың гектардың 12,7 мыңы мүлдем пайдаланылмайды. Басқа аудандарда да жағдай мәз емес. Бұл суару желілерінің ақаулығына, сумен қамтудағы іркілістерге, қаржылық және материалдық-техникалық ресурстардың жоқтығына байланысты болып отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің сөзіне қарағанда, 2005 жылдардан бері суармалы телімдердің аумағы 2,2 есеге өсті. Өнімділікті арттыру, көкөніс, бақша өнімдерін өндіруге жұмсалатын шығынды азайту үшін тамшылата суару технологиясы кеңінен енгізілуде. 2007 жылы бұл жүйе бойынша 80 гектар болса, 2009 жылы ол 200 гектарға жетті. Биыл 248 гектарға жетеді.
Бау-бақша өсірушілерге облыстық бюджеттен «Батысагросервис» ЖШС арқылы соңғы үш жылда 700 млн. теңге бөлініп, ол техника, тұқым алуға, картоп қоймасын және қысқы жылыжай салуға жұмсалып отыр. Соңғы жылдары 163 гектарға алма отырғызылды. Бірақ барға тоқмейілсімей, қолдағы жерлерді тиімді пайдалану керек. Облыстың оңтүстік аудандарындағы суармалы телімдерді сумен қамту Қараөзен мен Сарыөзеннен және Жәнібек суландыру жүйесіне босатылатын Ресейдің Палласов жүйесіндегі суға тәуелді. Өткен жылы Саратов облысынан аталмыш екі өзенге қажетті судың 66,5 пайызы берілгенімен 1,1 мың гектар суармалы алқап суарылған жоқ. Сондықтан да тамшылата суару құрал-жабдығын лизингпен алу мақсатына банктерден берілетін несиенің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, ескі су нысандарын жөндеуге республикалық бюджеттен ұзақ мерзімдік төмен пайызбен несие беру қажеттігі сөз болды.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі тиісті орындарға суармалы жерлер мен гидроқұрылыстардың, тамшылата суарылатын орындардың картасын жасап, аудандарда суды тиімді пайдалану үшін ауылдық тұтынушылар кооперативтерін ұйымдастыру шаруаларын жалғастыруды тапсырды.