Өңірдегі көмек жинау пунктіне алғашқылардың бірі болып жеткен түркістандық 1 тонна ұн берді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысындағы табиғи апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жиналып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі көмек жинау пунктіне алғашқылардың бірі болып жеткен түркістандық 1 тонна ұн берді

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылды. Онда жанашыр азаматтар тарапынан көрсетілетін қайырымдылық көмекті аталған өңірге жөнелту шаралары ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, партияның «Jastar ruhy» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының мүшелерінен волонтерлер тобы құрылды.

Бүгін Түркістан қалалық мәслихат депутаты Ақиқат Абдуллаев алғашқылардың бірі болып өз көмегін қабылдау пунктіне жеткізді. Ол қостанайлықтармен осындай қиын сәтте бірге екенін және жағдайдың тезірек тұрақталуын тілейтінін айтты. Сондай-ақ, Мақтааралдағы су тасқыны, Арыстағы апат кезінде елдің әр түкпіріндегі отандастар, оның ішінде Қостанай жұртшылығы да игі істен қапы қалмай қолдау білдіргенін атап өтті.

Ал, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Жүсіпбаев Қостанай облысында зардап шеккендерге көмек ретінде қабылдау пунктіне 1 тонна ұн жеткізді. Ол бұған дейін де облыста болған төтенше жағдайлар мен түрлі қайырымдылық шараларға демеушілік көрсетіп келеді.

«Төтенше жағдайларды бастан өткерген өңірдің тұрғыны ретінде кешегі апаттың қаншалықты ауыр екенін түсінемін. Қазақтың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мақалы осындайда қолданылса керек. Ел болып бұл сынақтан да өтетінімізге сенемін. Мұндай көмекті жағдай тұрақталғанша жалғастыруымыз керек», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін сағат 9-дан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанынан ашылған пунктіде гуманитарлық көмек қабылдана бастады. Қабылдау пунктінде жолға жарамды әрі қажетті азық-түлік өнімдері, гигиеналық заттар, киім-кешек, төсек-орын бұйымдары жинақталып жатыр.

Еске салсақ, 2 қыркүйекте сағат 15:10-да Қостанай облысындағы Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде, «Басаман КШШ» КММ аумағында орман алқабы өртенген болатын. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оқиға орнына тікұшақпен аттанды .

Өрт ауылдарға қарай жалындап, тұрғындар эвакуацияланды, өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың өрт аймағындағы жедел жағдай туралы есебін тыңдады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәліметі бойынша, Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрт 43 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті. 10 адамды орташа деңгейде күйік шалған және уланған. Сондай-ақ, Аманқарағай ауылында бір адамның мәйіті табылды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қостанай облысындағы алапат табиғи өрттердің салдарын жою мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді.

Өңірлерде «AMANAT» партиясының гуманитарлық көмек қабылдау пунктілері жұмысын бастады.