18:17, 20 Мамыр 2009 | GMT +5
Өңірдің экономикасын одан әрі әртараптандыру және жаңарту жұмыстары жалғасуда
АҚТАУ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облыстық активінің жиынында өңірде атқарылатын жұмыстардың бір бағыты ретінде өңірлік экономиканы одан әрі әртараптандыру және жаңарту жұмыстары айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Облысымыздың дамуындағы келесі бір міндет - өңірлік экономиканы одан әрі әртараптандыру және жаңарту. Бұл жұмыстағы біздің басты құралымыз ? «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдасқан мега-жобасы болып қала береді. Оның әр құрамдас бөлігі бойынша облыс әкімінің орынбасарлары басқаратын арнайы жұмыс топтары құрылған. Топтардың жұмысына, яғни нақты жобалардың тиімді іске асырылуына әрқайсыңыз жеке жауапты боласыздар», - деді облыс әкімі Қ. Көшербаев.
Сондай-ақ облыс басшысы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының инженерлік және көліктік инфрақұрылымын салу мәселесін мемлекеттік емес жеке инвестициялар арқылы шешуді тездету қажеттігін айтты. Бұл облыс үшін бірқатар жарияланған инвестициялық жобаларды, оның ішінде Мемлекет басшысы басым бағыт ретінде белгілеген химиялық, фармацевтикалық, энергетикалық өнеркәсіп саласындағы жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермек. Елдегі инвестициялық үрдістерді бақылау үшін 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстанды индустрияландыру картасы әзірленетіні мәлім. Бұл ? республика аумағындағы өндірістік күштерді оңтайлы орналастырудың егжей-тегжейлі схемасы. Осы іспеттес картаны өңірлік деңгейде де әзірлеу керектігі айтылды. Бұл жұмысты үйлестіруді облыс әкімі өзінің орынбасары А. Айтқұловқа тапсырды.