Өңірлерде сырттан келген кадрларды кірмедей көреді - Сауытбек Абдрахманов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Сауытбек Абдрахманов халықтың туысқандығын, ұлттың ішкі бірлігін күшейтетін мәселеге назар аударуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді  білдіреді. Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің  тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені - өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды» деп атап көрсеткен еді. Бұл сөздің мағынасы тереңде. Ол халықтың бірлігіне тікелей қатысты. Халық бірлігін нығайта берудің бір жолы, уақыт сынынан өткен жолы - ұлт өкілдерінің елдің барлық өңірлерін біркелкі қамти орналасуы, барша тараптардағы, барлық деңгейдегі кадрлар арасында Қазақстанның қиыр-қиырынан келген адамдардың болуы. Кешегі кеңестік кезеңде бұл жөнінен үйренерлік жайлар табылатын. Мысалы, Созақтың қызының Алматыға оқуға түсіп, институт бітірерде кадрлық сұранысқа сай жолдама бойынша Атыраудың алыс бір ауданынан шыға келуі, сол жерде жұмысқа тұруы, тұрмыс құруы, балалы-шағалы болуы немесе Қостанайдан оқуға келген жігіттің жолдамамен өз мамандығы қажет етіліп отырған Шығыс Қазақстанға баруы, сол жерде үйленіп, орнығып қалуы қалыпты жай еді. Соның арқасында Алтай мен Атыраудың арасында қонақ үзілмей, құда-құдағилар арлы-берлі ағылып жататын»,-деп атап өтті депутат ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған сауалында.

С. Абдрахмановтың пайымынша, сондай жағдайда халықтың туысқандығы, бауырмалдығы артады, ұлттың ішкі бірлігі күшейеді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер ортақтана түседі, өңірлік томаға-тұйықтыққа, жершілдікке  жол берілмейді. 

«Ол кезде әртүрлі деңгейдегі кадрлар да осылайша  ауысып-түйісетін. Кадрлар ротациясы орталық пен облыстар арасында да, облыстар мен облыстар арасында да, аудандар мен аудандар арасында да кеңінен жүргізілетін. Халқымыздың ардақты азаматтарының арасында бір жерде туып, басқа жерде оқып, басқа бір жерде азамат, қайраткер, басшы ретінде қалыптасып, тұрған жері туған жеріндей болып кеткен тұлғалар жүз-жүздеп саналады»,-дейді депутат.

 Оның сөзіне қарағанда, өкінішке қарай, нарық жағдайында, өтпелі кезеңде осы жақсы дәстүр үзіліңкіреп қалды.

«Жол қаражатының қымбаттығына, Астана, Алматы  сияқты ірі қалаларда тұрудың қалтаға бататындай қиындығына, гранттардың жетімсіздігіне, тиісінше ақылы оқуға тура келетіндігіне байланысты жастардың басым көпшілігі өздерінің облыс орталықтарында оқып, оқуын бітірген соң өз аудандарына, өз ауылдарына  ғана оралатыны баршаға белгілі. Ешкімнің де өздігінен басқа өңірге қызмет іздеп бармайтыны, тек жұмыс үшін жылдар бойы үйсіз-күйсіз жүруді қаламайтыны тағы талассыз. Мұның өзі Президент атап айтып, қадап көрсетіп отырған алаңдатарлық ахуалға - жершілдік психологиясының дендей бастауына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде облыстар тұрмақ, аудандардың өзінде лауазымды қызметтерді түгелдей негізінен сол жерде туып-өскен азаматтардың атқаратынын, көп жұрттың сырттан келе қалған кадрларды кірмедей көретінін, «Өзімізден лайықты адам табылмай ма, немене?» дегендей жалған намысқа салынатынын, содан кей-кейде қолынан іс келетін маманды түрпекке де түсіретінін ендігі жерде жасырып-жаба берудің жөні жоқ. Бұл мәселе еліміздегі этнос өкілдерінің бәріне де ортақ екендігін айту керек», - деп ойын жеткізді Сауытбек Абдрахманов.

Халық қалаулысы тоқталған мәселенің екінші қыры кадрлардың маман ретінде өсуіне, лауазымдық тұрғыдан жоғарылауына қатысты болды. Министрліктер мен ведомстволарда облыстық құрылымдардан ауысқан, ал облыстық құрылымдарда аудандық деңгейден ауысқан кадрлардың аз екендігі айтылды.  Өйткені, ауданнан, облыстан керекті кадрды алдырту оларға облыс орталығынан немесе елордадан пәтер берумен, яғни ол мәселенің қаржылық жағын шешумен тікелей байланысты. Осы түйін тарқатылмағандықтан қазір жергілікті кадрлардың кәсіби шыңдалуына мотивация әлсіреп барады. Аудандық деңгейдегі қызметкер өзін  таныту арқылы облыстық деңгейге ауыса алатынын, ал облыстық деңгейдегі қызметкер Астанаға көтеріле алатынын, жалпы адал жұмыс істеу, жақсы жүріп, жақсы тұру тиісінше бағаланатынын білу арқылы  өзін өзі қамшылайтын болады, бұл жүздеген, мыңдаған адамдарға үйренетін үлгіге, мықты стимулға айналады.

«Президент талап етіп отырған меритократия қағидаты да қызметте бірте-бірте, сатылап өсуді көздейтіні белгілі. Осы күрделі мәселелерді шешу үшін  жоғары оқу орындарын грант бойынша  бітірушілерді маман қажеттігіне сай тиісті жерлерге жолдамамен жіберу, жолдамамен келген жас мамандарға қажетті қамқорлық жасау, осы мақсатпен «Дипломмен - ауылға», «Серпін» сияқты бағдарламаларды жаңа деңгейге шығару, мемлекеттік қызметкерлерді қызметтік пәтермен қамтамасыз етудің заңдық тетіктерін, қаржылық көздерін табу, кадрлар ротациясына жүйелі сипат беру, сол арқылы мемлекеттік қызметке кадр іріктеу мүмкіндігін молайту қажет екендігі күмәнсіз. Мұның бәрі оңайлықпен шешілмейтін түйіндер.  Солай бола тұра, халқымыздың бірлігін бекемдете түсу үшін, туған жер ұғымының кеңейіп, туған ел ұғымына ұласуы үшін бұл мәселені арнайы қарау қажет деп білеміз»,-деп түйіндеді сөзін Абдрахманов.

Соңғы жаңалықтар