Өңірлердегі оқушылар IV тоқсанда қалай оқып жатыр
ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша мектеп оқушылары IV тоқсанда әр түрлі форматта білім ала бастады. Нақтырақ айтса, «жасыл» және «сары» аймақтағы өңірлерде барлық оқушы аралас оқыту форматына көшті. Ал «қызыл» аймақтағы өңірлерде 1-5 сыныптар, 9, 11 (12) сыныптар үшін, сондай-ақ халықаралық мектептердің 1-7 сыныптары үшін оқытудың аралас форматы сақталады. Тек 6, 7, 8, 10 сыныптар қашықтан оқытылады.
Осыған байланысты, бүгін әрбір өңірдің білім басшылары брифинг өткізіп, мектептерде сабақ қалай ұйымдастырылатынын түсіндірген болатын.
Нұр-Сұлтан қаласы
Карантин шараларының қатаңдауына байланысты қаланың барлық мектебі (мектеп бітіруші сыныптарды қоспағанда (9, 11 (12) сыныптар) меншік нысанына қарамастан қашықтан оқитын болады. Ал, мектеп бітіруші сыныптар үшін оқыту аралас форматта (пәндердің 70% -дәстүрлі форматта, 30% - қашықтан), сыныпта 15 адамнан артық емес, ата-аналардың өтініштері бойынша ұйымдастырылады.
Алматы қаласы
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты 1 сәуірден бастап оқушылар қашықтан оқуды жалғастырады және ата-аналар мен заңды тұлғалардың өтініштері негізінде оқушылар саны 15 баладан аспайтын 1-5, 9 және 11 сыныптарда кезекші сыныптардың жұмысы жалғастырылатын болады. Сонымен қатар қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 1-4 курс студенттері қашықтан оқуды жалғастырып жатыр.
Шымкент қаласы
IV тоқсанда Шымкент қаласындағы жалпы білім беретін мектептерде барлық сыныптардың оқушылары үшін сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытылуда. Колледждердің 1 курс студенттері екінші семестрде штаттық режимде оқытылады. Білім беру процесінің барлық қатысушылары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы тиіс.
Ақмола облысы
Ақмола облысы қазіргі кезде «жасыл» аймақта. Алайда, облыстың Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы болмағандықтан, 4 тоқсандағы оқу бұрынғы форматта басталады. Оқытудың дәстүрлі түріне оралу коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған кезде мүмкін болады. Сабақтан тыс уақытта оқушылардың білімдегі олқылықтарын толтыру үшін 10 мың оқушыға арналған 2137 жеке консультативтік топтың жұмысы ұйымдастырылды. https://www.instagram.com/tv/CNCIY-QF--E/?igshid=5h9k1ijxaiq5
Түркістан облысы
Түркістан облысындағы мектептер IV тоқсанда оқытудың аралас форматына көшеді. Яғни, өңір тәуекелі төмен немесе орташа аймақтарда болған жағдайда пәндердің бір бөлігі дәстүрлі түрде, бір бөлігі қашықтан оқытылады. Ал, 300 оқушыға дейінгі контингенті бар мектептер оқу үрдісін дәстүрлі түрде жалғастырады.
Батыс Қазақстан облысы
Облыс бойынша 379 мемлекеттік мектеп болса, олардың 279-ы штаттық және 100 аралас форматта жұмыс жасайды. Жалпы мемлекеттік мектептердегі оқушылар контингенті 110 мыңнан астам болса, олардың 25,4%-ы (28 мыңнан астам оқушы) штаттық режимде, ал 74,6%-ы (82 мыңнан астам оқушы) қашықтан оқытылып жатыр.
Ақтөбе облысы
Төртінші тоқсанда жалпы оқушылардың саны 300-ден аспайтын қалалық және ауылдық 246 мектеп дәстүрлі форматта жұмыс істейді. 170 мектепте 135 782 оқушы қашықтан білім алады. Жаңа қаулыға сәйкес оқу 9, 11 (12) сынып оқушылары балалар санын 25-тен асырмай аралас форматта оқытылатын болады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан мәлімдеді. https://www.facebook.com/100064242859800/videos/118876403597121/?d=n
Жамбыл облысы
Жамбыл облысы жасыл аймақта болғандықтан, 2020-2021 оқу жылының төртінші тоқсанында жалпы білім беретін мектептерде оқу үрдісі аралас форматта ұйымдастырылады. Қосымша сұрақтарды 8 7262 43 88 39 нөмірі арқылы жолдап, жауап ала алуға болады.
Қарағанды облысы
Облыстың 505 мектебінде 204 мыңнан астам оқушы оқиды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, өңірдегі эпидемиялогиялық ахуал жақсарғанда, оқушылар аралас оқыту форматына көшеді. Сыныптардағы балалар саны 25 адамнан аспауы қажет.
Алматы облысы
IV тоқсанда Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2021 жылғы 25 наурыздағы №6 Қаулысына сәйкес санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, оқушы саны 300-ден аспайтын мектептерде балалар саны 15 адамға дейінгі сыныптар дәстүрлі форматта оқиды. Жасыл және сары аймақтарда орналасқан 14 елді-мекенде оқушылар штаттық және аралас оқыту форматына көшеді. Қызыл аймақта орналасқан 6 елді-мекенде оқушылар қашықтан оқиды.
Атырау облысы
ІV тоқсанда Атырау облысындағы жалпы білім беретін мектептерде Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес жалпы білім беретін мектептерде 1 сыныптан бастап 5 сыныпты қоса алғанда аралас форматта 74452 оқушы оқып жатыр. Сыныптардағы балалар саны 25 адамнан аспайды. Сондай-ақ аптаның 6 күні ішінде 10846 оқушы (9,11 (12) сыныптар) пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ы қашықтан аралас форматта оқуға рұқсат етілген.
Қызылорда облысы
Бұл өңірде оқушылардың 98,6 пайызы дәстүрлі форматта білім алады.
Қазір өңір эпидахуал бойынша жасыл аймақта тұр. Осыған байланысты облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес балалар дәстүрлі түрде оқуға баруға мүмкіндік алды.
Бүгін мұнда 301 мектепте 167 571 оқу жылының соңғы тоқсанын оқушы дәстүрлі түрде оқып бастады. Ата-аналарының өтінішіне сәйкес облыстағы оқушылардың 1,4 пайызы, яғни 2312 оқушы қашықтан оқуды қалады.
Қостанай облысы
Облыстағы оқушы саны 300-ге дейінгі 381 мектепте 31 мыңға жуық оқушы дәстүрлі форматта оқып жатыр. 5 сәуір, дүйсенбі күні 114 мектептегі 1-11 сынып оқушылары аралас оқытуға көшеді. Осылайша, 5 сәуірден бастап 80 мың оқушы аралас форматта оқитын болады.
Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысы «жасыл аймақта» болғандықтан 1-11 сынып оқушылары аралас форматта оқиды. Оқушы саны 300-ге дейінгі мектептер оқуды штаттық режимде жалғастырады.
Шығыс Қазақстан облысы
Шығыс Қазақстан облысы жасыл аймақта болғандықтан төртінші тоқсанда контингенті 300-ге дейін оқушы болатын мектептер оқуды штаттық режимде жалғастырады. Қалған оқушылар үшін оқу үрдісі аралас форматта ұйымдастырылатын болады.
Солтүстік Қазақстан облысы
Қазір СҚО «жасыл» аймақта орналасқан. Сондықтан оқушылар саны 300-ге дейінгі мектептер оқуды штаттық режимде жалғастырады. Сыныптағы оқушылар саны 25 адамнан аспауы тиіс. Қалған оқушылар оқытудың аралас форматына көшеді.