Өңірлік даму министрлігі енді «Қолжетімді тұрғын үй 2020», «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламаларын іске асырудың бірыңғай үйлестірушісі - апталық шолу

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта Министрлер кабинетіндегі өзгерістермен және облыстарға жаңа әкімдердің тағайындалуымен есте қалып отыр. Атап айтқанда, сәрсенбінің сәтінде жария болған Елбасының Жарлықтарына сәйкес жаңа лауазым алғандар өз жұмыстарына кірісе бастады.
None
None

Сонымен, ҚР Президентінің Жарлығымен бірқатар министрліктер мен ведомстволар қайта құрылып, жаңа өкілеттіктер берілуіне байланысты

Бақытжан Сағынтаев ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Һәм жаңадан құрылған Өңірлік даму министрі қызметіне тағайындалды. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» ХДП Саяси Кеңесі бюросының отырысы барысында Өңірлік даму министрлігі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуы тиіс екендігін қадап айтты. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл ведомствоның құрамына жер ресурстары, құрылыс агенттіктері және ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі болып қайта құрылған ҚР экономикалық даму және сауда министрлігінің өңірлік даму комитеті кіреді.

«Қысқартылып отырған осы үш агенттіктен жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту және жергілікті жерлерге өкілеттіктер беру үшін арнайы министрлік құрылып отыр», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Ал Мұхтар Құл-Мұхаммед ҚР Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындалып, сәйкесінше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды. Осы орайда Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Тәжин Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметіне бекітілді.

Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрі болған Дархан Қамзабекұлы Мыңбай Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының директоры қызметіне тағайындалды.

Бұдан басқа, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі деп қайта құрылған ведомствоның тізгінін Ерболат Досаев ұстап қалды.

Айта кетейік, Қазақстан 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу құқына ие болғаннан бері елімізде қызу дайындық жұмыстар жүріп жатқаны белгілі. Осы атаулы шара аясында бірқатар шаралар қабылданып, ағымдағы аптада Үкімет «Астана ЭКСПО - 2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-ны құру тұрғысындағы қаулыны мақұлдаған болатын. Енді бұл компанияға басқарма төрағасы ретінде Талғат Амангелдіұлы Ермегияев тағайындалды.

Бұдан бөлек, кеше «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Саяси Кеңесінің отырысында Бауыржан Бәйбек партия төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары қызметіне оның кандидатурасын ұсына отырып, «Кейінгі 2050 жылға арналған Жолдауға, содан туындайтын тапсырмаларды шешуге байланысты бірқатар кадрлық өзгерістер болып жатыр. Өздеріңіз біліп отырсыздар Үкіметте өңірлермен шұғылданатын министрлік құрылып отыр. Соған байланысты Сағынтаев мырза Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалып, министрлікті басқаратын болды. Осыған орай ол кісіні партиядағы қызметінен босатуға тура келді», - деп атап өтті.

Елбасының айтуынша, Б. Бәйбек соңғы 4 жылға жуық уақыт бойы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып, партияның барлық өңірлік филиалдарының жұмысымен танысып шыққан.

«Ол біздің партиямен жастардың араласып кетуіне ықпал етеді деп сенемін. Ол «Болашақ» қауымдастығын басқарады. Бұл біздің жастарымыздың алдыңғы қатардағы отряды және ол біздің партияның, еліміздің болашағы үшін өте маңызды», - деді Н. Назарбаев.

Сондай-ақ өңірлердегі жаңа тағайындауларға тоқталатын болсақ, кеше Премьер-Министр Серік Ахметов жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болып, онда ол облыстық мәслихаттың кезектен тыс отырысына қатысты. Отырыс барысында С.Ахметов облыс әкімінің лауазымына Қырымбек Көшербаевтың кандидатурасын ұсыну туралы Елбасының мәслихат депутаттарына бағыттаған хатын оқып берді. Депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қабылдады. Отырыс соңында С.Ахметов облыс активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды.

«Жаңа әкімнің міндеті - өңір экономикасының одан арғы дамуын қамтамасыз ету және Елбасы тапсырмаларын тиімді жүзеге асыру», - деді С.Ахметов.

Өз кезегінде Қ.Көшербаев ҚР Президентіне өзіне артқан жоғары сенімі үшін алғысын білдірді. Үкімет басшысы сондай-ақ облыстың бұрынғы әкімі Болатбек Қуандықовқа атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.

Ал бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Маңғыстау облысының жаңа әкімін таныстырды. Ақтау қаласында облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, оған ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов қатысты.

Сессия барысында С.Ахметов депутаттарға облыс әкімінің қызметіне Алик Айдарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы Мемлекет басшысының хатын оқып берді. Депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады. Сессия соңында С. Ахметов облыс активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырды.

«Өткен жылдары облыста көп жұмыс атқарылды, дегенмен облыс басшылығының алдында, өңірдің алдында бұдан да ауқымды міндеттер тұр. А.Айдарбаев аймақтың проблемаларын жақсы біледі, басшылық қызметтерде тәжірибесі мол. Ол халықтың әл-ауқатын жақсартуға, өңірдің экономикасын дамытуға, Елбасымыз айқындаған міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салады деп сенемін», - деді С. Ахметов.

***

Өткен аптаның аяғында Жамбыл облысындағы бірқатар аудандар дауылды желдің салдарынан жарық, жылу және байланыстан қол үзіп қалған болатын.

Осы орайда ағымдағы аптаның сейсенбісінде өткен дәстүрлі Үкімет отырысынан кейін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Жамбыл облысындағы дауыл салдарынан 10 адам зардап шеккенін мәлім етті. «Зардап шеккендер бар. Біреулерге құлаған құрылымның сынықтары тиіп, жарақат алған. Мендегі мәліметтерге сәйкес, шамамен 10 адам зардап шекті. Бірақ олардың ешқайсысы да ауыр жарақат алған жоқ», - деді ол. Министрдің атап өтуінше, зардап шеккендердің барлығына да алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Дауыл орын алған аудандардағы ауруханалар тұрақты жұмыс істеуде.

Сонымен қатар ведомство басшысы бұл өңірге келтірілген шығын 2 млрд. теңгеден асатынын айтты.

«Дегенмен ол алдағы уақытта нақтылады. Өйткені құрылыс комитеті мен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесінің комиссиясы шығынды бағалайтын болады. Содан кейін ғана нақты көлемін білетін боламыз», - деді ол. Оның атап өтуінше, қазірдің өзінде Жамбыл облысының әкімдігі аймақ қорынан 170 млн. теңге қаржы бөлген. Ал еліміздің басқа өңірлерінен көмек қаржы бөлу мәселесі әзірше қозғалған жоқ. Жалпы дауыл салдарынан зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына көптеген құрылыс ұйымдары тартылған. Ал жеке секторды қалпына келтіруде мемлекет тарабынан көмек беру мәселесін әкімдіктен құрылған комиссия шешетін болады.

Соңғы мәліметтерге қарағанда Жамбыл облысының әкімі Қ. Бозымбаев Қаратау қаласы мен Талас ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарына қанағаттанарлықсыз баға бергені белгілі болды. Атап айтқанда, әкім мырза облыстың апаттан зардап шеккен Талас, Сарысу және Жуалы аудандарында болып, ағымдағы жағдаймен және ТЖ жою бойынша атқарылып жатқан шаралармен танысқан екен. Өңір басшысы екі күннің ішінде Қаратаудың орталық қазандығына қосымша екі қазандықты қосуды және қала тұрғындарының пәтерлеріндегі температураны қалыпты нормаға жеткізуді тапсырды. Электрмен және жылумен қамту жүйелеріне тұрғын үй және әлеуметтік сала нысандарының тек 50 пайызы ғана қосылған. Сумен қамтудың орталықтандырылған жүйесінде ауыз судың тапшылығына (қысымның жеткіліксіздігі) байланысты кейбір көпқабатты тұрғын үйлерге суды көліктермен жеткізу ұйымдастырылуда. Құрылыс басқармасына аудандағы құрылыс жұмыстары бойынша құжаттарды жинауды және әзірлеуді жылдамдату тапсырылды. Энергетиктерге алдағы тәуліктерде осы уақытқа дейін жарықсыз қалып отырған Қаратауға жақын орналасқан кенттер мен қаланың жекеменшік секторын электр энергиясына барынша қосу жүктелді. Облыс әкімі Қ. Бозымбаев мәлім еткендей, Үкіметтен облысқа 800 млн. теңге мөлшеріндегі алғашқы көмек қаражаты түсті, оның 400 млн. теңгесі Талас ауданына, 300 млн. теңгесі Сарысу ауданына үлестірілді. Қалған қаражат Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласына, сондай-ақ дауылдан зардап шеккендерге бағытталды.

***

Кеше өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов жаңадан құрылған Өңірлік даму министрлігінің қызметі тиімді өңірлік саясатты қалыптастыруға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеттерін қазақстандықтардың әл-ауқатын әрі қарай арттыру мақсатында пайдалануға бағытталатынын атап өтті.

«Екі агенттіктің қосылуына орай, Өңірлік даму министрлігі енді «Өңірлерді дамыту», «Қолжетімді тұрғын үй 2020», «Жұмыспен қамту 2020», «Ақ бұлақ», ТШК жаңғырту және моноқалаларды дамыту бағдарламаларын іске асыру жөніндегі бірыңғай үйлестірушіге айналады», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

«Жаңадан құрылған мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру жөніндегі қажетті басқа да шараларды қабылдаулары керек. Барлық ұйымдастыру мәселелерін шешіп, жұмысқа дереу кірісуіміз керек. Президент алдымызға маңызды міндеттер қойып отыр, және ол міндеттер нақты, сапалы және белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», - деп міндеттеді С.Ахметов.

Мемлекеттік органдарды қайта құрудың нәтижесінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің құзырына бұрын Қаржы министрлігінің қарауында болған бюджеттік жоспарлау саласындағы функциялар мен өкілеттіліктер берілді.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қарауында болған инвестицияларды қолдаудың және қолайлы инвестициялық ахуал жасаудың мемлекеттік саясатын қалыптастыру саласындағы функциялар мен өкілеттіліктер де қоса берілді.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі сондай-ақ енді бұрын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құзырында болған халықтың көші-қоны аясындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселесімен айналысатын болады.

«Экономика министрлігі стратегиялық және экономикалық жоспарлауды ескере отырып көші-қон cаясатын кешенді іске асырумен айналысатын болады», - деді бүгін Үкімет отырысында сөз сөйлеген Премьер-Министр Серік Ахметов.

«Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінен - жерді мелиорациялаудан басқа, «жасыл экономиканы» дамыту саясатына бақылау жасау және жүзеге асыру, табиғи ресурстарды қорғау және тиімді пайдалануды қадағалау, су ресурсын басқарудың және балық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік саясатын қалыптастыру қызметтері мен уәкілеттіліктерін алады», - деді С.Ахметов. Сонымен қатар, ҚОҚМ қарамағына қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, қалпына келтірілетін энергия көздерін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселелері де кіретін болады. Бұдан басқа, Атом энергиясы агенттігі енді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің құрамына кіреді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ІІМ-нің халықтың көші-қон саласындағы ведомствоаралық үйлестіру, көші-қон үрдісін реттеу және мониторингтеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлеу, көші-қонды реттеу қызметтері мен уәкілеттіліктері беріледі.

Соңғы жаңалықтар