Онколог маман қатерлі ісіктің алдын алу жолдарын атады

АСТАНА. КАЗИНФОРМ — Жыл сайын 4 ақпанда дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні атап өтіледі. Осы орайда Ұлттық ғылыми онкология орталығының бөлімше меңгерушісі Нұрбол Елемесов еліміздегі онкологиялық ахуал мен скринингтің маңызы туралы айтып берді. 

Онколог маман қатерлі ісіктің алдын алу жолдарын атады
Фото: ДСМ

— Қатерлі ісіктің алдын алуға болады. Егер ауру бастапқы 1-2 сатысында анықталса, науқастың 95-100 пайызға дейін толық жазылып кету мүмкіндігі бар. Қазіргі медицинада «бұл емделмейтін ауру» деген түсінік жоқ. Тек уақытылы тексерілу қажет, — дейді Нұрбол Елемесов Jibek Joly телеарнасының Bugin LIVE бағдарламасында.

Дәрігердің сөзіне қарағанда, Қазақстанда онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеу — МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, барлық азамат үшін тегін. Қазіргі таңда мынадай негізгі скрининг түрлері жүргізіледі:

Сүт безі қатерлі ісігі: 40-70 жас аралығындағы әйелдер 2 жылда бір рет маммографиядан өтуі тиіс.

Жатыр мойны қатерлі ісігі: 30-70 жас аралығындағы әйелдерге ПАП-тест (мазок) жасалады.

Онколог маман қатерлі ісіктің алдын алу жолдарын атады
Фото: видеодан алынған скрин

Ішек қатерлі ісігі: гемакульт тест арқылы үлкен дәреттегі қан белгілері анықталып, қажет болса колоноскопияға жіберіледі.

Маманның айтуынша, ішкі мүшелердің (асқазан, ұйқы безі) ісігі көбіне кеш анықталады. Бұған адамдардың «мазаламаса, дәрігерге бармаймын» деген салғырттығы себеп.

— Кейбір науқастар өз тәжірибемде 35 жыл бойы асқазанын тексертпегенін айтады. Ісік бірнеше айдың ішінде қарқынды дамып, ас қорыту жүйесін істен шығаруы мүмкін. Сондықтан ауырсынуды күтпей, жыл сайын профилактикалық тексерістен (флюорография, УЗИ) өту — әр адамның өз денсаулығы алдындағы жауапкершілігі, — деп ескертті дәрігер.

Бүгінде Ұлттық ғылыми онкология орталығында химиялық, таргеттік және иммундық терапиямен қатар, хирургиялық және сәулелі ем жүргізіледі. Сондай-ақ Орталық Азиядағы бірегей әдіс — протондық терапия қолданысқа енген.

Дәрігер ерлер арасында өкпе обырының жиі кездесетінін, оған темекі тарту мен психоэмоциялық жүктеменің тікелей әсер ететінін атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша 43 мыңнан астам жаңа онкологиялық жағдай тіркелген. Бүгінде елімізде осы дертпен өмір сүріп жатқандар саны 246 мыңнан асты. Науқастар санының 6,6%-ға артуы диагностика сапасының жақсарғанын және скринингтік бағдарламалардың ауқымы кеңейгенін көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар