Онкологиялық жәрдем бағдарламасы бойынша 9-11 жастағы қыз балаларға екпе жұмыстары жүргізілетін болады

АСТАНА. 30 шілде.ҚазАқпарат - 2013 жылдан бастап Қазақстанда жатыр аузы қатерлі дертінің алдын алу мақсатында 9-11 жастағы қыз балаларға екпе жұмыстары жүргізілетін болады,
None
None

деп хабарлады Қазақстанның онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Нұрғазиев Pm.kz сайтына берген сұхбатында.

«Бұл бағдарлама аурудың алдын алуға бағытталғандықтан, онда 9-11 жастағы қыз балаларға екпе жасау қарастырылған. Мұндай жұмыстар әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Еуропаның 22 елінде, АҚШ-та, Канадада және Африканың 7 елінде жүргізіледі», - деді Қ.Нұрғазиев.

Еліміздің бас онколог-маманының айтуынша, бұл жатыр аузының алғашқы алдын алу шарасы ретінде жүргізіледі. Келесі жылдан бастап Қазақстанда да екпе жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, ол бірінші және екінші алдын алу шараларының тізімі нозологияның 6 түріне дейін артатынын жеткізді.

«Екінші алдын алу шараларына -  ауруды ерте баста анықтауға келетін болсақ, бүгінгі күні Қазақстанда сүт бездері, жатыр аузы қатерлі ісігінің  және колоректалды ісікті ерте бастан анықтау бағдарламасы жұмыс істейді. Бұған тағы да үш нозология қосылады, ол - асқазан, бауыр және енек безінің қатерлі ісігі», - деп қосты Қазақ онкология және радилогия ҒЗИ директоры.

Айта кету керек, енек безінің алдын алу шараларының ілкі жобасы Шығыс Қазақстан облысында басталды.Келесі жылдан бастап барлық алдын алу шаралары бүкіл облыстарда кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастайтын болады, бұл аурудың алдын алып, қатерлі ісік салдарынан болатын өлім санын азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы онкологиялық жәрдемді дамыту бағдарламасы Париждегі Гюстав Русси атындағы онкология институтының, Питтсбург университетінің және Тель-Авивтегі  онкологиялық орталықтың оң бағасын алды, деп атап өтті Қ.Нұрғазиев.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту -  Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, 2012 жылдың наурыз айында  халыққа онкологиялық жәрдем беруді дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы қабылданған болатын.

Бағдарламаның басты мақсаты - скрининг жолымен онкологиялық аурулардың алдын алуды жетілдіру, диагностика мен емдеудің ғылыми тиімділігіне негізделген жоғары технологиялық тәсілдерінің қолжетімділігін арттыру  және қатерлі ісік ауруымен ауыратын науқастарға оңалту және паллиативті көмек көрсетудің заманауи жүйесін құру болып табылады.

Соңғы жаңалықтар