Онлайн танысқандардың 45%-ы алғашқы кездесуде-ақ көңілі қалады

АСТАНА. KAZINFORM – Онлайн таныстық пайдалы ма, зиян ба? Бұл өмірлік серігіңді таңдау мүмкіндігі ме, әлде әлеуметтік проблема ма? Психологтар не дейді? Kazinform тілшісі анықтап білді. 

Онлайн танысқандардың 45%-ы алғашқы кездесуде-ақ көңілі қалады
Фото: pixabay.com

Онлайн таныстық кезіндегі тәуекел

– 2021 жылы мен Алматыда жалғызсырап, онлайн қосымша арқылы біреумен танысқым келді. Алдымнан дабылшының анкетасы шыға келді. Түрі таныс сияқты көрінді. Әртүрлі салада ортақ танысымыз бар болып шықты. Біз сол күні-ақ кездесіп, серуендеп, кейін түнгі демалыс орнына кірмек болдық. Серуендеп жүрген кезде бәрі жақсы болды. Ал, барға кірген кезде ол музыкалық мектептегі досының жанынан шықпай қойды. Екеуі бір жерде жұмыс істейді екен. Жігіт әріптесіне «Мен бүгін жалғыз келмедім. Жанымда кездесуге келген қыз бар, кейін жүздесерміз» деп айтпады. Жолдастарымен әңгімесін жалғастырып, мені ұмытып кетті. Олар мектеп пен қыздар туралы сөз қозғады. Үйге қайтар жолда екеуіміз де үнсіз жүрдік. Бұл алғашқы және соңғы кездесуім болды, - деді астаналық Дина. 

Бұл ең қарапайым әрі ешкімге зияны жоқ кездесу болған шығар. Әлеуметтік желідегі фотосына қарап адамды тану қиын. Кейде осындай кездесудің арты қайғылы оқиғамен аяқталып, кейде үлкен проблемаға айналады. 

Психолог маман Сымбат Әбдрахманова
Фото: С. Әбдірахманованың жеке мұрағатынан

Психолог маман Сымбат Әбдірахманова әрдайым сақ жүруге, кез келген түсініксіз жайтқа жіті назар аударуға кеңес береді. Егер салғырт қарасаң, соңы үлкен проблемаға ұласуы мүмкін.

Сыйламаушылық. Егер адам қызмет көрсетушіге дөрекі сөйлесе, сіздің сөзіңізді бөле берсе, мысқылдап отырса, бұл алаңдатарлық жайт. Бүгін даяшы, ертең сіз нысанаға тап боласыз.

Өзін тым жоғары бағалау. Егер кездесуге келген адам сізге сұрақ қоймай, тек өзі сөйлеп, өзі туралы айта берсе, бұл дұрыс емес. Ол адам адамдармен сөйлесе алмайды және сізді тыңдағысы келмейді. 

Бір сөзі бір сөзін қарама-қайшы келу. Адам не айтып, не қойғанын білмей, шатасса, 10 минуттан кейін алғашқы ойынан айнып қалса, оның өтірікші болғаны. 

Сымбат Әбдірахманова онлайн таныстықтың төрт тәуекелін атап өтті.

1. Қауіпсіздік

2. Эмоционалды шаршау

3. Өз бағасын жоғалту

4. Қарым-қатынасқа жеңіл қарау

Қауіпсіздік – ең өзекті проблема. Желіде қулық, алдау, алаяқтық, эмоционалды кері әсер және зорлық-зомбылыққа ұрынып қалуыңыз мүмкін. Қалай күресуге болады? Егер сіз алғашқы кездесуге барсаңыз, қандай да бір шешім қабылдауға асықтырса, кештің жалғасқанын қаласа немесе жеке шекараңызды бұзса, бұл ойланатын мәселе.

– Ішкі түйсігіңізге сеніңіз. Егер сіз өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, оған бейжай қарамаңыз. Өзіңізге сеніп, таныстықты, кездесуді тоқтатсаңыз болады, - деп түсіндірді дәрігер.

Егер цифрлық әлемге еніп кетсеңіз, психологиялық проблема да қоса жүреді.

– Желі қолданушылары кейде қысқа ғана байланыс орнатуға машықтанып алады. Бірақ қызығы тез басылып, қолды бір сілтейді, - деп түсіндірді маман.

Сарапшылардың айтуынша, лүпіл басып, қолдап отырса, ынталандырады, қуаныш сыйлайды. Адамдарға қызықты екеніңді сезесің, ол саған қуаныш сыйлайды. Ал егер адамдар көзге ілмей қалса (сөйлесіп жүрген адам кенеттен жоқ болып кетсе), ұнжырғасы түсіп, мазасыз күйге түседі. Өз-өзін жазғыратындар жанын жегідей жейді.

– Тағы бір тәуекел – қарым-қатынасқа жеңіл қарау. Мұндай қосымшаларда адамдар бір ғана фотоға қарап сізді секунд ішінде бағалай береді. Яғни әдемілікті көріп, ұнатады. Бұл адамдардың шынайы қарым-қатынас орнатпай, уақыт өткізуді ойлағаны, - деп нақтылады психолог.

Психолог сонымен қатар шынайы өмір қызықты, ал интернет қосымша құралдың бір түрі екенін,  оны танысудың жалғыз жолы деп қарауға болмайтынын атап өтті. 

жүзік
Фото: freepik.com

«Бақыт» алгоритмі

– Қыздармен танысу және сөйлесу үшін онлайн-таныстықты пайдаланамын. Мен бойдақпын. Сондықтан бұл қосымша танысуға таптырмас мүмкіндік. Қазіргі кезде жүктемесі көп, жұмыстан бас алмайтын адамдар үшін тиімді құрал деп білемін, - деді Астана қаласының тұрғыны Әлем.

Бірақ оның өз олқы тұсы да бар. Қосымшадағы механизм ойын алгоритміне негізделген. Свайп, лайк, жауапты күтудің өзі ынталандырады, ал сізге жауап келмесе, ауыр тиеді. 

– Ортақ балансты сақтаса, цифрлық әлемдегі кедергілерді еңсеруге болады, - деді сарапшы.

Онлайн-таныстықта шекара, шектеу жоқ. Мұнда бәрі де отырады. Бумерлер мен зумерлер де осында. Жасы үлкені, онлайн таныстықтың өзіне жауапкершілікпен қарайды, өмірлік жар таңдайды. Ал миллениалдар мен зумерлер ше?

– Миллениалдар – қосымшаның белсенді тұтынушысы. Олар онлайн өмірге машықтанған жандар. Зумерлер, жас ұрпақ. Таныстықты жай ғана таныс-біліс деп қабылдайды. Олар арнайы қосымшаға кірмей-ақ Instagram, TikTok желісінде таныса береді. Қысқа хабарлама жазады, стикер, видеоконтент алмасады, - деді Сымбат.

Психологтың айтуынша, бумерлер тұрақты қарым-қатынасты мақсат тұтады. Ал миллениалдар саналы және аяқ асты болған таныстықты салыстырады, зумерлер танымаса да әңгіме-дүкен құрып, цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланады. Бұдан технология адам санасына қалай әсер етіп жатқанын көруге болады.

Онлайн-таныстық тұтынушыларының 70%-ы жеке деректерін әсірелеп жібереді

Онлайн-таныстық желіге телміртіп қояды және тәуелділікке душар етеді. Адам шынайы өмірде басқа, онлайн әлемде басқа болуы да мүмкін. Онлайн танысып, әңгімелесіп жүрген адамыңыздың шынайы өмірде түр-тұлғасы басқа болуы да мүмкін.

– Қосымшадағы жеке деректер адамның нақ өзі емес, өңдеуден өткен кейпі. Адамдар сәтті түскен фотосын таңдайды, оны сәндеп, кей тұстарын жасырып қалады. Жетістіктерін тізбектеп, әлсіз тұсын көрсетпейді. Зерттеуге сүйенсек, онлайн-таныстық тұтынушыларының 70% жеке деректерін әсірелеп жібереді. Ер адамдар көбіне бойын ұзартып, әйелдер өзін арықша етіп көрсетеді. Бұл алдап-арбау емес, кейде әдемі көрінгісі келгеннен осындай қулыққа барады, - деді маман.

Оның айтуыншағы, тағы бір тұзақ – идеализация.

– Егер бізге фото немесе анкета жазбасы ұнаса, оның түр-әлпетін ойша көз алдымызға елестетіп, қиялға берілеміз. Сөйтіп өзімізге ұнайтын етіп құрастырып аламыз. Психологияда бұл «құрмет әсері» деп аталады. Ал бетпе-бет кездескенде эмоциясын, сөйлесу мәнерін, іс-қимылын көріп, сезуге болады. Экранның арғы жағындағы адамнан оны көру мүмкін емес. Стэнфорд университетінің деректеріне сүйенсек, онлайн-таныстық тұтынушыларының 45%-ы алғашқы кездесуде-ақ көңілі қалып келеді, - деді психотерапевт.

Психолог лайк адамды бағалау құралы емес деп түсіндіреді. Адамдар кездескенде ғана шынайы қарым-қатынас құра алады. Сондықтан экранға телмірмей, сыртқа шығу керек.

pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қазақстандағы онлайн-таныстық пен дәстүрлі танысу

Әлемде танысу қосымшасы кең таралып келеді. Қазақстанда да онлайн-танысу қосымшалары бар және сұраныс жоғары. Дегенмен дәстүрлі танысу маңызын сақтап қалды.

– Дәстүрлі танысу – отбасындағы басқосу, достармен және әріптестермен жүздесу кезінде болады. Ал онлайн-таныстық еркін таңдауға мүмкіндік береді. Бұл жерде шынайы өмірде мүлде кездестіре алмайтын жандармен танысуға болады. Әсіресе қолы тимейтін, жұмысбасты адамдар мен тұйық жандарға таптырмас құрал. Ал қарапайым жолмен танысу – сенім ұялатады. Достарың немесе туыстарың таныстырса, шынайы ойын білуге болады. Қазақстандықтар арасында бұл фактор әлі де маңызды рөл атқарады. Әсіресе, отбасы құрғысы келетіндер үшін, - деді психолог.

Соңғы жаңалықтар